Тауық етінен бактерия табылды
Бұл туралы қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Владимир Нечитайло айтты, деп хабарлайды inform.kz.
Қостанайда құс өнімдеріне жүргізілген тексеру барысында сальмонелла бактериясы табылған.
– «Достойный выбор» («ФинИнвест» ҚҰБ) өндірісінің мұздатылған құс етінен, балапан-бройлердің сүбе етінен («Чебаркульская птица» ҚҰБ және «Уралбройлер» ЖАҚ) сальмонелла және ішек таяқшалары бары анықталды. Күдікті партия көлемі үлкен емес. Біздің қызметкерлер зерттеуден кейін жоспардан тыс тексеріспен сауда нүктелерін аралауға шықты. Бірақ күдікті өнімдер қалдығы болмай шықты" – дейді В.Нечитайло.
Департамент Қоғамдық денсаулық сақтау комитетіне және өнім жеткізушілерге ескертпе хат жолдады.
– Комитет өз кезегінде ресейлік құрылымдар мен тауар өндірушілерді де хабардар етуі керек. Қазақстандық өнімде әзірге мұндай мәселе жоқ. Бүгінде жағдай қалыпты, – деп толықтырды ол.
Жалпы, тексеріс қорытындысы бойынша, қостанайлық құс өнімдерінің 37 сынамасының 17-сі қажетті регламентке сәйкес келмеген.