Бруцеллез туралы не білеміз?
Бруцеллез – қызбамен, қимыл-қозғалыс аппаратының, жүйке жүйесінің, жүрек-қан тамыр жүйесінің, зәр шығару жүйесінің және т.б жүйелердің зақымдалуымен жүретін инфекциялық ауру. Адам үшін бруцеллез инфекциясының негізгі көзі ұсақ және ірі қара мал болып табылады. Әсіресе, төлдеу кезінде ауру жануарлар аса қауіпті болады, ол кезде плацентамен, қағанақ суымен, жыныс жолдарынан бөлінділермен және ұрықпен бірге сыртқы ортаға көп мөлшерде қоздырғыштар шығады. Сонымен қатар, микробтар сүттен, малдың зәрінен, нәжістен таралуы мүмкін. Сондықтан, жануарларды күтіп-баққан кезде жеке гигиена ережесін сақтау қажет, оған арналған арнайы киім болуы тиіс.
Адам ауру малды босандыру, түсік тастау, сою және мал етін өңдеу, жүнін қырқу кезінде, малдың бөлінділерімен ластанған заттарды ұстаған кезде, термиялық өңделуі жеткіліксіз етті, қайнатылмаған сүтті немесе шикі сүттен жасалған сүт өнімдерін (ірімшік, сыр және т.б.) қабылдаған кезде бруцеллезді жұқтырады.
Бруцеллездің қоздырғышы төменгі температурада, тамақ өнімдерінде ұзақ сақталуымен, оның ішінде тоңазытқыштарда, мұздатқыштарда сақталатын өнімдерде тұрақтылығымен ерекшеленеді. Мұздатылған жұқпалы ет және сүт өнімдерінде микробта ұзақ уақыт сақтала береді. Мәселен, тоңазытқышта сақталған шикі сүтте бруцеллездің қоздырғышы 10 күнге дейін қала береді, сары майда – 4 аптадан астам, үйде жасалған ірімшік пен сүзбеде – бір айға дейін, қаймақта 8-15 күн, қымыз, шұбатта 3 тәулікке дейін сақталады.
Адамдар көктем және жаз мезгілінде жиі ауруға шалдығады, әсіресе малдың төлдеу мезгілінде бұл ауруды жұқтыру аса қауіпті. Аурудың инкубациялық мерзімі (ауру малмен жанасқан күннен аурудың алғашқы белгілеріне дейін) 15-30 күнді құрайды, кей кезде екі айға дейін барады.
Аурудың алғашқы белгілері – дене қызуының 39-40 градусқа дейін көтерілуі, қалтырау, тершеңдік және уланудың жалпы белгілерімен ұласады. Одан әрі қарай қимыл-тірек аппаратының, жүрек-тамыр, жүйке жүйесінің және ағзаның басқа да жүйкелердің зақымдану белгілеріне апарады.
Бруцеллез ауруының алдын алу үшін, үйде малды ұстаған кезде, жыл сайын көктемде және күзде оны бруцеллезге тексерту. Малда бруцеллез анықталған жағдайда оның иелері де медициналық мекемелерде толық тексерістен өтуі қажет. Малды сатып алуға, сатуға, сою үшін тапсыруға, тек ветеринарлық дәрігердің рұқсатымен ғана өткізуге болады. Түсік тасталғанда, тұрақтанбайтын төлдер туылғанда, иелері ветеринарлық қызметке міндетті түрде хабарлау қажет. Малды күтіп-ұстау бойынша ұсыныстарды сақтау қажет.
Азық-түлікті адамдар арнайы орындардан ғана сатып алулары тиіс (базар, дүкен және т.б.), жеке адамдардан алынған сүтті шикідей пайдалануға болмайды. Етті дайындау кезінде, кем дегенде екі сағат пісіру қажет. Осы қағидаларды ұстанған жағдайда ғана бруцеллезден қорғануға болады!
Б.ИБЕНТАЕВА,
Қоғамдық денсаулық сақтау депатарментінің бас маманы.