7-жұп – Нұрқанат пен Абылай (ЖАҢАРТЫЛДЫ)

"Ел мерейі – Елорда" облыстық жазба айтысының кезекті 7-жұбымен таныс болыңыздар, ағайын! Олар – Нұрқанат Құлабаев және Абылай Мауданов. Екі ақынның да есімдері елге белгілі. Өлең өлкесінде ерек қолтаңбалары бар поэзияның жарқын өкілдері. Қалың қауым оларды кәсіби журналист ретінде де айрықша ардақтайды. Сөз өнерінің хас зергерлері жазба айтыстың үздік үлгісін көрсетіп, жырсүйер жұртты тәнтілікке бөлеріне қылаудай күмән келтірмейміз!    Нұр-Абылай
Айта кетейік, бұған дейінгі 6-жұптың айтысында Медет Байзақов Еламан Тұрсынды айқын басымдылықпен жеңіп, алдағы айналымға жолдама алды.
 
Абылай Мауданов:
"Жырлары жан тыныстар жұпардайын,
Сайысса салмағымен ұтар дәйім,
Армысыз, уа, Нұрқанат Құлабаев,
Мен үшін таутұлғасыз Мұхаңдайын.
Дегенім Мұхаң – мұзарт Мұқағали,
Мұрасы қазағыма құт әрдайым.
…Сөйлеңіз, «ей, Абылай, Абылай» деп,
Бұқара санар сонда Бұқардайын.
 
Түскенде Елордаға жыр екпіні,
«Соқтықты» ағасына «жүректі» іні.
Алашты азат ел ғып Хақ Тағала,
Ашылды аспанының түнек-мұңы.
Дербес ел Орда сайлап, туын тіксе,
Қалайша жайқалмасын жүрек-гүлі?!
…Азырақ сөз қағыссақ айып па екен,
Тоғысса бір мұратқа тілек түбі?!
 
Нұрқанат – заманға сай нұрлы есім,
Бұл күнде «нұрлы» – жолым, «нұрлы» – көшім.
«Елорда «Нұрастана» атансын» деп,
Өзеуреп кейбіреулер жүр, білесің.
Осынау «нұршылдарға», беу, Нұр-аға,
Жасайтын жан бар ма екен құнды кесім?
Мақсатым – ойыңызды білу ғана,
Емеспін бүлік іздеп дүрлігер сұм.
 
Тұратын айтыс десе жаны жайнап,
Шығатын шындықты айтсаң қаны қайнап,
Қазағым сөз ұғарлық қалпында ма,
Сайысқа шықтым, аға, бәрін ойлап.
Ұстаз бен шәкірт түссе ұлы сынға
Жүрмесін «күш атасын танымай қап».
… Көпшілік «Нұр-ағалап» ләббайлай ма,
Жоқ әлде рухтана ма «Абылайлап»?
 
Қазаққа ауызбірлік дара мұрат,
Тұрақтап тату елде қалады бақ.
Аңызда Асан бабам аңсап өткен,
Астана – жерұйығым – қала жұмақ.
Абылай жақпайды ма әлдекімге,
«Жұмақтан» «шеттеліп» жүр, аға, бірақ…
Нұр-аға, осы жайға баға берші,
Тарихтың қолыңызға қаламын ап! "
 
Нұрқанат Құлабаев:
«Қостанай таңы» таң ғып, тамаша ғып,
Бір игі іс бастапты жаңаша нық.
Жадыдан өшіп қалған жазба айтысты,
Жаңғыртып жатыр бір жол дара салып.
Абылай, сен де маған хат жолдапсың
Қолыңа қаламыңды ала салып.
Мұқаңа да теңепсің абайламай,
Әй, менің аңғалым-ай балаша анық,
Бұл сенің кіршіксіз пәк көңілің ғой,
Ұлы ақын қалмас одан аласарып.
"Елорданы ертең қалай атаймыз?" – деп,
Сұрапсың, оғаштау бір жоба салып.
Оны тек сен екеуміз шешпейміз ғой,
Болашақ жайлы қалай бал ашалық?
Астана атын өзгертуге асықпайық,
Ойласып халықпен де санасалық.
 
Ақтардың, Абылайжан, бір сыр маған,
Рас айтасың, бүгінде "нұршыл" заман,
Жаһандану дегеннің жөні осы деп,
Өкпесі өшіп, ентігіп, ырсылдаған.
Кер тартып, керді аңсайтын кесірлер бар,
Нақ ісінен сөзі көп былшылдаған.
 
Жөн болар «нұрды» жөнсіз малданбаған,
Жалған ұран, жел сөзге алданбаған.
Қоғамда болашақ жоқ өз дертіне,
Дер кезінде назарын аудармаған.
«Нұр Отанға» кіріп ап кейбіреулер,
Ұлы Отанды тонайды жаудан жаман.
 
Жүрегінде от, көзінде жалын ойнап,
Бабамыз ел мен жердің қамын ойлап.
Жан кешіп, жағаласып, жауға шапқан,
Найза алып, атқа мініп Абылайлап!
Жанарында Мәңгі елдің сағымы ойнап,
Қазіргінің қазағы сабыр ойлап,
Нұрағалап тәңірге тәубе айтады,
Азып-тозып жатса да, соры қайнап.
 
Болған соң рухы әлсіз, жаны қайғы,
Абылайды бұл қоғам танымайды.
Айқын мақсат, нық мүдде болмаған соң,
Бірдемесі болар деп жамырайды.
Тарихын ту қып биік ұстамаған,
Ешбір ел алға басып дамымайды.
Өзін алдап күнелткен жалтақ жұрттың,
Келешегі кемел боп жарымайды.
 
Шыбындап, бас шұлғудан аса алмайды.
Сондықтан жай-күйі де нашарлайды,
Тұлға тұтар ұлдары құлмінез боп,
Қысқа күндік тірліктен бас алмайды.
Сондықтан Жәнібек пен Абылайдай,
Тұлға керек аңсаған Асан Қайғы.
Таудың асқақ тұлғасын танымайтын,
Кесір ел төбешіктен аса алмайды.
Тарихының есігін тарс жапқандар,
Болашақтың есігін аша алмайды.
 
Абылай, асқақ інім асқаралым,
Бұдан соң қалай болар қас-қабағың?
Айтыстың тақырыбы Астана екен,
Мұны да, інім, есіңнен тастамағын.
Бағып тұрсам мінезін Астананың,
Сөзі ұқсайды ісіне һас дананың,
Ісі ұқсайды ойнына жас баланың.
 
Ақындық өнеріңді жиып, бекіп
Ертеңімнің еңсесін биіктетіп,
Астананы, Абылай, жырлап көрші
Нөсерлетіп, төпелеп, құйып кетіп.
Етекте есінеген есіл жұртты
Елордама ынтық қып, сүйікті етіп".
 
Абылай:
 
Жырынан тапқаннан соң жан қорегін,
«Өлеңде Мұқағали хан» дер едім.
Түлеген Хан Тәңірі баурайынан,
Сізді де өнерде бір нар көремін.
Өлеңге Мақатаев құштар қылса,
Өмірде тиді маған бар көмегің.
Киесін пейіліңнен сезінгенмін
Нарынқол, Қарасаздың, Шалкөденің.
…Кезінде өзің баптап топқа қосқан
Өренің көп алдына салды өнерін.
 
Өскесін өлең еміп жөргегімнен
Саф, таза, нәрлі сөзге шөлдедім мен.
Мұнарлы шыңдарындай Нарынқолдың,
Жырларың танылар өз өрнегімен.
Ішінде қалалардың Астанадай
Мен үшін орның, аға, төрде кілең.
«Шәкірті Нұрқанаттың» деген атақ,
Артық-тын үкіметтің орденінен.
«Алыссаң атаң болсын, алып ұр» деп,
Дәл бүгін төске шауып, өрледім мен.
 
Нұреке, "жырла,- дедің,- Астананы",
Аға айтса, інінің жоқ басқа амалы.
Астанам асқақтаса – ел мерейі,
Бар әлем тани берсін бас қаламды.
«Он тоғыз миллиард теңге тойдың құны» –
Халыққа тарап жатыр, рас, хабары.
«Жиғаным тойға кетсін» деген елміз,
Тартылған мейманына бас табағы.
Тілегім – қазынаның қаржысына,
Жемқордың жолықпасын «ашқарағы».
 
Шәкіртің тарих бетін ақтарды енді,
Шамалап білгенінше ақпар берді.
Бар қазақ бағаналы орда қылды,
Хан Нияз дана бабам жатқан белді.
Отаршыл, озбырлармен арпалысып,
Қараөткел, Кенесары шапқан жерді.
Хрущев қаскөй ойын құйқылжытқан,
Құдайым, бере көрме шақтарды енді.
Астана – елдігімнің бас нышаны,
Қиямет күнге дейін сақтар белгі!
 
Астана – асқар қала, мақтан қала,
Алашым аманатын артқан дара.
Айналып бейбітшілік мінберіне,
Алауын ақыл-ойдың жаққан қала.
Әр кірпіші бір үйге несібе боп,
Қазағым өзі салып жатқан қала.
Нұреке, мен «ынтық қып жырламай-ақ»,
Торғайдың тең жартысын тартқан қала.
Фариза апам иіскеп маңдайымнан,
Маған да марапатын таққан қала.
 
Ашылып Астанада жырдан бағым,
Белгілі «Шабытта» алғаш жүлде алғаным.
Сондықтан, жазба айтысқа түскен едім,
Жарыстан жарамас, – деп, – құр қалғаным.
Ашынып, аға, айтып өтіпсіз ғой,
Байлығы Ұлы Отанның ұрланғанын.
Тарихын тәуелсіз ел құндамаса,
Шынымен, неге керек «нұрланғаның»?
«Бұқарлар» біз секілді айтқанменен,
Байғұс сөз табар ма екен «тыңдарманын?»
 
Нұр-аға, арқасүйер бәйтерегім,
Сіз асқар болғанда мен жәй төбемін.
Бізсіз де зарлауықтар жетіп жатыр,
Одан да рухтың асқақ айт өлеңін.
Жамандау жатып алып ең оңайы,
Шатпаққа білесің ғой шайқы ерерін.
Бел шешіп кемшілікпен күресейік,
Алаштың жинап өңкей айтөбелін.
Қолыңа билік тисе, алда-жалда,
Нұраға, алдыменен қайтер едің?
 
Нұрқанат:
Әдіптеп, әспеттетіп хатқа жырды.
Абылай, асырыпсың мақтауымды.
Мақтап-мақтап басымды шалқайтып ап,
Шомылтып сиқырлы бір шаққа нұрлы,
Ұстазыңды сілейте салмақпысың,
Иек астынан сілтей сап шоқпарыңды.
Өлең сенің қаныңа қаймақ болып,
Жаныңа нұр боп сіңген Һақтан үлгі.
Бар кінәм – алғаш болып танығаным,
Бойыңдағы алапат от-жалынды.
Жырларыңды бір түнде оқып шығып,
Мойындап қуанғаным нақ дарынды,
Ақындық өнеріңе шын сүйсініп,
Ақ пейілмен айтқаным тоқтамымды.
Сол сөзімнен шайырым қанаттанып,
Талай-талай аламан топқа кірді.
Шабыт деген шалқұйрық атқа мінді,
Өрелі өлең жазды от тамырлы,
Інілік ізетің ғой деп білейін,
Кішірейіп кісі ғып жатқаныңды.
Нарынқолды жырлапсың, нар тауымды,
Нұрхандай кісінетіп ақпа жырды.
Қарөткел мен тарихы Тайтөбенің,
Кеудеңнен шежіре боп ақтарылды.
Байыптап біразырақ байып қалдым,
Нияз абыз туралы ақпарыңды.
Абылай Хан Нияз деп құрметтеген,
Дана биден алыпсың жаттап үлгі.
Даланың дара туған дарындары,
Баянды еткен тәуелсіз ақ таңымды.
«Қолыңа билік тисе қайтер ең?» – деп,
Қу бала, құрыпсың ғой қақпаныңды.
Маған қандай лауазым ұсынбақсың?
Ашып айтшы ойдағы қатпарыңды.
Білмей далмын білікті басшыға тән,
Менен қандай қасиет тапқаныңды.
 
Әкім бол десең, қалай бола алмайын,
Тәуекел деп, осылай ой аңдайын.
Ақын болып ұйықтап, намазшамда,
Әкім болып қалайша оянбайын?!
Алайда билік жаққа бармай тұрып,
Өзіңе бір тарихты баяндайын.
 
Бағзыда, пайғамбардың заманында,
Отырардай шаһардың аманында.
Иманның суреті бар жанарында,
Бес уақыт намаз оқып, құлшылық қып,
Бір Аллаға арнаған амалын да.
Сайын дала арқаның самалында,
Тобылдың тораңғылы алабында,
Тауқымет тартып әбден тұрмысынан,
Ұңғысынан жоқтықтың шын қысылған.
Сонда да тәубасынан жаңылмаған,
Тақуа сүріпті өмір бір мұсылман.
 
Бұл адам жайлы сіз бен біз білелік,
Жан екен ар-иманы ізгі берік.
Жапанда келе жатып аялдапты,
Бейсауат жалғыз жүрген қызды көріп.
 
Пері ме, періште ме, ібіліс па?
Жапанның шығар бәлкім жыны қыспа.
"Биссміллә" деп баруға бел байлапты,
Таң болып мынау ғажап құбылысқа.
Сөйткенше көз алдынан ғайып бопты,
Қыр асып қызыл киген тірі нұсқа.
 
Жігіт те жедел қырдан әрі асыпты,
Әлгі жайды білмекке тағы асық-ты.
Қуып жетіп, "кімсің?" деп жөнін сұрап,
Қыздың халін түсініп, жаңаша ұқты.
Хор қызына бергісіз сұлу екен,
Тал бойына киімі де жарасыпты.
Адамға емес қиянға қадайды екен,
Тереңдігі тұңғиық қарашықты.
Бейшара қыз, байқаса, соқыр екен,
Салт жүріп, аттан құлап адасыпты.
Ел билеген бір ханның жалғызы екен,
Мекен еткен әсем бір қалашықты.
 
Ертіп ап соқыр қызды жетегіне,
Әкепті әкесінің мекеніне.
Анасы бетін тырнап жылап отыр,
Көздің жасын толтырып етегіне.
Хан жігітті қырық күн қонақ етіп,
Бір ұсыныс жасапты жөпелімде:
"Ақылы асқан, иманды жан екенсің,
Байқалып тұр һәм адал екенің де.
Уақыт деген зымырап тоқтар емес,
Жете алмас желден озған бөкенің де.
Мені меңдеп барады айықпас дерт,
Кесемді де шама жоқ көтеруге.
Санаулы ғана күнім қалды, білем,
Байыздауға мәңгілік мекенімде.
Жалғыз қызым жанарсыз қалай ғұмыр,
Сүрер екен әкесіз жеке күнде?!
Өзіңе Алла разы болсын десең,
Жан қызым жүрсін сенің жетегіңде.
 
Ер жігіттің ішінде нары екенсің,
Хан басымды қалайша зар етерсің?
Өзіңнен өтінерім, жаным балам,
Жалғызымды өмірлік жар етерсің!
 
Кезіге кеттің бұйрық Һақтан түсіп,
Ғапыл кешкен ғаріп ем жатқан құсып.
Сөзімді қабыл көріп, сертің берсең,
Орныма хан етемін тақтан түсіп".
 
Жаратқанның еткені жоқтан барды.
Хан сөзіне жігіт те көп толғанды,
Алайда өзіне-өзі серт байлаған,
Жүрегінде басқа бір бопты арманы.
 
Пайдасына бас ұрмай жайған малдың,
Ол арманы жайында ойланған мың,
Мұраты іздеп барып, нәсіп етсе,
Нұр дидарын бір көру пайғамбардың.
 
Бөленер еді баққа һәм ғажайып,
Жанарының шуағы жанға дарып.
Көкейдегі бар ойын баян етті,
Жігіт бірер күннен соң ханға барып:
 
"Алдияр, сұрағаным ғафу еді,
Жүрегімде бір арман жатыр еді.
Ханның ханы Мұхаммед Расул еді,
Адамзаттың ішінде асылы еді.
 
Һақ танып Ұлы Алланы сүйген ерен,
Үмметі үшін от кешіп, күйген өрен.
Пайғамбарды бір көріп, амандассам,
Пейіштегі періште күйге енер ем.
Алланың ең сүйікті елшісінен,
Ізгі ғұмыр сүруді үйренер ем.
Аман-есен оралсам бұл сапардан,
Қызыңызға , сеніңіз, үйленер ем.
 
Сәулелі дидарынан шуақ күліп,
Хан жігіттің бұл ойын ұнатты құп.
Аз күнде ұлындай боп кеткен еді,
Шығарып салды қимай жылап тұрып.
 
Мақсат етіп, нық сенген ғаламатқа,
Не қиындық жеңілер азаматқа.
Бір жылдай жүріп, жетті Меккеге де,
Көндігіп көп қиындық, сан азапқа.
 
Абыр-сабыр ағылған неткен халық,
Құдіретті күмбезі көктен де алып.
Әл-Харам мешітінің айналасы,
Миллиондаған құлшылық еткен халық.
 
Пайғамбарды іздеумен бір жыл өтті,
Арманы орындалмай шын жүдетті.
Көңілін қаяу басты, қажып әбден,
Күн өткен сайын торлап мұң жүректі.
 
Бірде намаз оқуға бара жатқан,
Сұрады Расул жайлы жамағаттан.
Көп ішінен бір кісі тоқтады да,
Қолын нұсқап көрсетті ана жақтан.
 
Пайғамбарды іздесең, пақыр, – деді,
Бермен қарай келіңіз жақын, – деді.
Анау тұрған мүминнің қолына ол,
Құманменен су құйып жатыр, – деді.
 
Бұл ғажапты көрмеген ел сенбейді,
Қайран қалып, жігіт те кемсеңдейді.
Ұлық болу – халыққа қызмет қылу,
Ол ұсақ, ірі амалмен өлшенбейді.
«Ұлық болсаң, кішік бол» деген сөзді,
Осы әңгімем межелеп, мөлшерлейді.
Бұлағымнан тышқан су ішті екен деп,
Биік таулар бұлданып, теңселмейді.
 
Бұл бір мысал пайғамбар жайындағы.
Бір мысқал кемшілік жоқ бойындағы,
Біз пайғамбар емеспіз, пендеміз ғой,
Адасқан адамдықтың жолындағы.
Кемшіліктің күллісін жуып-шаяр,
Азды-көп қулығы бар қойындағы,
Бейнеті мен зейнеті қатар жүрген,
Тіршілік қамыты бар мойындағы.
Абылай, билік жаққа бару керек,
Халықтың нағыз адал сай ұлдары.
Адалдық, ақыл, білім, мінез жоқта,
Сөз бекер әділ қоғам жайындағы.
Хан адал қызмет етсе қарашаға,
Шерлі өлең жазбас еді шайырлары,
Қараша мұратына адал болса,
Асқақтар ондай елдің дәйім бағы.
Сондықтан бір үйлесім болу керек,
Заманның ауанына сай ырғағы.
Бұл жайлы не айтасың, Абылай, сен?
Пікіріңді қосарсың ойыңдағы!
 
Абылай:
 
Жігіт, – деп, жүрекке үміт жаға білген,
Ойларын кестелер деп қаламымен, 
Қиялмен билік беріп көріп едім,
Кеттің ғой «ертегі» айтып, аға, бірден.
 
Сөзіңнен ала алмады тоят інің,
Ақын ең елден ерек ой, ақылың.
Нұр-аға, біздің елдің болған шығар
Уақыты ертегіге тоятұғын?!
 
Әйтсе де, ғибратыңды етем үлгі,
(Үлгі етпес пайғамбарды не көрінді?!)
«Әркімнің туған жері – Мысыр шаһар»,
Меккеден кем көрмеймін мекенімді.
 
Заманда шаттығы мен мұңы алысқан,
Іздейміз өмір мәнін кіл алыстан.
Әр адам адалдықпен өмір сүрсе,
Болар еді Қазақстан – жұмақстан.
 
Дүние – нәпсіні алдар тәттілігің,
Белгілі алдап кетер «әккілігің».
Тірлікте өкінбейтін іс қылайық,
Түбінде пайғамдардың ақ туының.
 
Нұреке, деме: «інім қатты кетті»,
Ерлері тату елге бақ түнепті.
Асқақтап алашымның Ақордасы
Ақындар арнай берсін ақ тілекті.
 
Тереңің шыңыраудай шайыр едің,
Сусындап жырларыңнан байып едім.
…Қасыңда «қасынысып» жүретұғын,
Жем деген алақаннан тайың едім.
 
Өмірде, өнерде де жоқ таласым,
Қамқорым, сүйенерім боп қаласың.
Алынған ащы тері арғымағың,
Мәреге жетпей енді тоқтамасын.
 
Нұрқанат:
Тағылымын қалдырған ертеңіне,
Ескі сөз есті бір сыр шертеді де.
Өткеннің өнегесін өрелейік,
Ере бермей бір күннің селтеңіне.
Қарап тұрсақ, құзырлы орындардың,
Есебі де ұқсайды ертегіге.
150 мың орташа жалақы-мыс,
Бір айға еркін жетер, ең кеміне.
Абылай, ойлап көрші, бұл айтқаным,
Ертегі емес пе әлде, ертегі ме?
83 пайыз халық игеріп ап,
Қазақша «сайрап жатқан» өлке, міне.
Күн санап санамызға сіңіп жатыр,
Өзін өзі алдаудың дерті еміне.
Қоғамның көркеюі қиын болар,
Ертегі тамыр жайған өртеңіне.
 
Абылай, тоят таппай өлеңімнен,
Ренжіпсің. Шыға алмаппын керегіңнен.
Қайыс мінез қырсықтау адамсың ғой,
Оңайлықпен қайтпайтын дегенінен.
Қайырдың сөзі Һақтың қалауы ғой,
Деп санап бейғамдықтың себебінен,
Шыңғыс ханның ұшырап қаһарына,
Өрт құшқан Отырардың шоғы едім мен!
Оң-терісті бағамдап алған дұрыс,
Тәлім ап ата тарих дерегінен.
Шыңы күнді тәж қылып кисе-дағы,
Топырағы ірісе тереңінен.
Заңғар таулар қиыршық құмға айналар,
Жоқ болып жұмыр жердің бедерінен.
Сөз бен іс бір арнаға тоғыспайды,
Аңғарғың келмейді оны неге мүлдем?
Мақтау мен мақтанудан ығыр болдық,
Көпірік көбік тасып кемерімнен.
Қашанда өзгелерден биік тұрар,
Өзінің кемшілігін көре білген.
 
Абылай, өзіңе айтар көп тілегім,
Жанымда жүрген інім боп тірегім,
Шәкірдің жебесіндей көбе бұзар,
Жанарыңнан жарқ еткен отты көрдім.
Қаламыңнан сезіндім даналығын,
Төлен, Қойшығарадай бектілердің.
Төскейінен түлеген тұлпар едің,
Кие қонып, нар шөккен отты белдің.
Қабырғадан нәр алған бір дарақтың,
Тік бұтағын сап қылған көк туы едің.
Қасиетінен айналдым сені туған,
Көкала ат кеп құлаған текті жердің.
Өзіңдей оғыландары барда қазақ,
Ешкімге есе жібермес деп білемін!
Дауылпаз замананың десіменен,
Ілгері жылжып уақыт көшіменен.
Алды-артына қаратпас қу тіршілік,
Жүре берсек көңілдің хошыменен.
Сені маған ерекше қадірлі еткен,
Кеудеңде бір кие бар: есімі – Өлең,
Сол өлеңге қызмет ет жатпай-тұрмай,
Айтысты тәмамдайық осыменен.

You may also like...

3 Responses

  1. Ерік айтты:

    Екі ақын да тамаша бастаған екен.Аға мен інінің жарасымды айтысы болады деп есептейік

  2. Ғалым айтты:

    Абылайдыі ойлары ұтқыр! Жарайсың Əбеке!

  3. Ершат айтты:

    Абылай, жырлап көріңіз, кәні!

     

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓