Туған жердің тұлғасы

             11111111111Көкалаттың ғана емес, бүкіл Торғай елінің мақтанышы болған тау тұлғалы азамат жөнінде бірер ауыз сөз айтпай кетсем, үлкен күнә қылатындай сезінемін өзімді. Таудың биіктігі білінбейтіні сияқты, біз де, көз алдымызда күнде көріп жүрген соң ба, Кәкімжан ағамыздың сексен жастың сеңгіріне келіп қалғанын байқамай қалыппыз. Өткен өміріме көз жүгіртсем, 1971 жылдан бері жанұямызбен бірге сол кісінің ауылы Көлқамыста тұрып жатқанымызға 47 жылдың жүзі болыпты. Әуелде жолдасымыз екеуміз ғана қол ұстасып келген біздің де қазір ақар-шақар өмір сүріп, 2 ұл, 3 қыз ата-анасы атанып, ұлдарымызды ұяға, қыздарымызды қияға қондырғалы да бірталай жылдың жүзі болыпты. Көлқамыста осы ағамыздың қасында тұрып жатқанымызды мақтанышпен ауыз толтырып айта аламыз. Бұл кісінің темірдей қатаң тәртібінің арқасында өмірде кездесетін небір қиын сәттерден қысылмай-қиналмай өтіп кеттік. Ол кездерде өте жас болсақ та, бұл кісіден көрген жақсылығымызды айтпай кетпеуге болмас. Кіп-кішкентай ауылды «Дәулетіне сәулеті сай  Көлқамыс» атандыруының өзіне де үлкен еңбек, қажыр-қайратты қажет еткені рас. Табысқа кенелі оңай шаруа емес, қаншама еңбектің бейнетпен келгені көз алдымызда бүгінгідей болып тұрады. Бес саусақтың бірдей болмайтынындай, жұрт ойлағандай бәрі қас-қағым сәтте болып тұра қалған жоқ. Жаумен жағаласқандай болып, небір айтқанға көнбейтін, айдағанға жүрмейтін адамдармен тіл табысып жұмыс істеу оңай емес. Дүйім елді басқарып, жетістікке жету деген адам айтса сенгісіз бейнет. Оны көзімізбен талай көрдік. Ауылының әрбір тұрғынына үлкен жауапкершілікпен қарап, ішкен-жегенімізге дейін үлкен жауапкершілікпен қадағалап отыратын. Кездесе қалған жерде: «Қалқам, сендер жас отбасысыңдар, керек жарақтарың болса, үндемей отырмаңдар, айтып, сұрап отырыңдар, ештеңеден қысылып қалмаңдар», – деп үнемі қадағалап отыратыны есімде.
            Үйіндегі Күлнәзия апамыз да ол кісінің үлкен жетістіктерге жетуіне себепші болғанын көрдік. Ол кісі маған үлкен идеал болғанын мен мақтанышпен айта аламын. Аузынан шыққан әрбір сөзіне, істеген ісіне оймақтының шебері-тұғын, далаға жайқалтып еккен гүлдеріне дейін, ең ақыры аяғы далаға аппақ ақ шатырдай қылып жайған кірлеріне дейін қызықтыра қарататын. Ол кісінің киген киімі, жүріс-тұрысы мен сөйлеген сөзіне дейін аса мәдениеттіліктің лебі сезіліп тұратын. Өзі де маған риза болып, менің «жылт еткен» жақсы істерімді  бағалап, мақтап отырушы еді. "Еркекетің басын төрге де, көрге сүйрейтін – әйел" демекші, алғаны жақсы болмаса, жүз жерден еркек дүлдүл болса да ұшпаққа ұша алмасы анық. Ағамыз да апамызды қатты сыйлап-құрметтейтін, ол кісі өмірден өткенше «ища» дескенін көрген емеспіз. Ағамыз да үлкен ақыл иесі, «Торғайдың үлкен ақсақалы» атануы тегін емес. Ол кісінің бойында еліне, жеріне деген патриоттық сезімін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Ауылымыздың көркейуіне де, көбеюуіне де жасаған еңбегі ұшан-теңіз. Үкіметтің тоз-тозы шығып, осы Торғайдың барша жұрты телім-телім болып жан-жаққа бытырай көшкенде де міз бақпай отырып, ақыры ауылын ұйыған айрандай қылып аман сақтап қалғаны елдің есінде ұмытылмастай қалып қойды. Сол қысыл-таяң кездерде апамыз инсульт алып, өлім мен өмірдің арасында жатқанда әйелінің амандығын ойлап, елінің де бүтіндігін сақтап қалды. Дүйім елдің бүтіндігін сақтамақ түгел, өз отбасының бүтіндігін сақтай алмай отырғандарды көргенде үлкен ойға қаласың. Ағамыздың бойында еңбекке деген қатаңдықпен бірге, балаша елпілдеген ақ көңілдігі де қатар жүреді. Бұған біреу сенсе, біреу сенбес деп ойлаймын. Бірақ біз бірге жүріп біте қайнасқандай болған соң көргенімізді айтамыз. Ол кісінің кереметтігі сол кірген-шыққан 4-5 жасар балалармен сөйлесіп отырғанын көргенде таң қаламыз. «Соншама 5 жасар баламен сөйлесіп, не барқадар тауып отыр екен?» – деп ойлайтынбыз. Артынан: «Аға, анау баладан не сұрап отырсыз?» – дейміз ғой, сонда ол кісі: «Бала қанша кішкентай болса да, келешекте кім болатыны, бойында қандай қасиеті бары баланың үлкен-кішісіне қарамай сезіліп тұрады», – дейді. Шын мәнінде, сол кісінің әлгі баланың бойынан не көріп, не сезгені өмірде дәлелденіп жатқанда қайран қалмасқа лажың жоқ. Баламен балаша, жындымен жындыша, данамен данаша сөйлесетін қасиеті бір бойына жетіп-артылып жатады. Байлық пен атақты да, ақыл мен адамшылықты да қатар алып келе жатыр. Осы 80 жасқа келгенше көрмеген азабы мен қиындығы қалмағаны рас. Кіндігінен тараған 3 ұл мен 1 қызы бар. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген халық даналығы осы кісінің бала-шағасына арнап айтылғандай. Менің әлі күнге дейін есімде, біз көшіп келген жылдары бұл ауылда көзге сүрінгені –көше бойлап өскен талдар, көшедегі құбырдан сылдырлап ағып жатқан сулар, үйді айнала қоршалған торлар… ол кезде бүгінгі замандай таңдағаныңды тауып алатын заман емес. Қолға түскенді пайдаланатын кез еді, әркімнің қолында барымен базарлаған заман-тұғын. Сол талдардың бәріне аса жауапкершілікпен қарап, әрбір үйге сол талдардың аман өсіп-жетілуіне байланысты талап қойылатын. Талап пен тәртіп болмаған жерде береке болмасы айтпаса да түсінікті ғой. Сол талдар айналасы 2-3 жылдың ішінде ну орманға айналып шыға келді. Алыстан көз тартып, "менмұңдалап", көрген жан сүйсініп қарайтындай дәрежеге жетті. Әттең, ана бір жылдары Кеңес үкіметі мен Тәуелсіздік алған өтпелі кездерде халық не істерін білмей сасқалақтап, ағаш түгел нан табу қиын болған заманда түбірімен жойылып кетті.
Ағамыздың арқасында халқымыздың көнеден келе жатқан ұлттық тағамдары да қайтадан қолға алынып, жаңғыртылды. Ұмытылып кеткен қазақтың ежігей құрты мен сары ірімшігі қолға алынып, оның әрбір үйдің дастарханынан табылғанын талап етті. Соның нәтижесінде, Көлқамыс тұрмақ аудан орталығы келген коммисия мен қонақтарына біздің жақтан сұратып алдыртып жататындай күйге жеттік. Қазір ауылымыздың әрбір үйінің дастарханынан құрт-ірімшігің керек пе, май-қаймағың керек пе, бәрі табылып жатады. Оның бәрі жоқшылық немесе таршылық көргеннен емес анық. Соның нәтижесінде «Дала дәулет, ауыл құт» болып шыға келдік.
Әрине, бұл дәрежеге ағамыз оңай жолмен келген жоқ. Інісі Қалтай екеуі тынымсыз еңбектеніп, қолдағы бар азын-аулақ малын өсіріп (ол кезде, қателеспесем, 30-40  қой-ешкі, 10-15 сиыр, 3-4 түйесі, жылқысының санын ұмыттым көп болғанда да 1 үйірге жетер-жетпес болу керек), жүре-келе отар-отар қойға, табын-табын сиыр мен үйір-үйір жылқыға 60-70 түйеге дейін жеткізгені күні бүгінге дейін көз алдымызда, әрине, бұның бәрі оңай шаруа емес. Түйе демекші, қазіргі таңда бүкіл Қостанай өңірінде түйе сауып, шұбат өндіріп отырғандар некен-саяқ шығар. Керемет шұбат өңдіріп, табысқа айналдырмаса да, айналасындағы халқы қызығын көріп жатқаны рас.
             Бұл кісінің назарынан еш нәрсе де тыс қалған емес. Ең ақырғы аяғы, ауылдың халық санының өсуіне де аса назар аударып отырады. Ондағы ойы – халық санын көбейтіп, бүтін бір ауылды аман сақтап, айрандай ұйытып, бірлігін бекемдеп отыру. Ауылымызда қазіргі таңда адам айтса нанғысыз, елге пайдасы тиетін игілікті істер жасалып жатыр. Іргемізден Қабырға өзені ағып жатса да, ауылға ауыз су құбыры орнатылып, әрбір үйге су кіргізіліп, әжетхана мен жуынатын бөлмеге дейін орнатылды, көшемізде радио сайрап тұр, әйтпесе радионы ұмытқалы не заман десейші. Соның бәрін қайта жаңғыртып қойды, әрбір үйде интернет желісінің бір түрі "вай-файымыз" бар. Қысқасы, халықтың қажетіне жарайтынның бәрінен құр алақан емеспіз. 9 жылдық мектеп, шағын медициналық пункт, кітапхана мен клубымыз тағы бар. Соның бәрі осы ағамыздың халықтың жағдайын ойлап, ауылдағы жастарды тұрақтандырудың бір амалын жасап беріп жатқанының көрінісі. Ауылымызға сырттан келгендер қызыға да қызғана қарайтыны рас, бар береке-бірлік біздің ауылда тұрақтап қалғандай. Келген қонақтарға дейін біздің жақтың дастарханынан татқан, тіл үйірген тағамдарына тамсанып жатқанын көргенде көңілге қуаныш ұялайды екен. Сол баяғы қураған ағаштарды қайтадан қалпына келтіріп, ауылымызға келген жанның көзі тоятындай көріктендіріп қойды.
             Қолындағы баласы Манаттың жары өнегелі отбасынан шыққан, тәлім-тәрбиесі мол Салтанат та атасының да, отбасының да абыройын асқақтатып, отбасының берекесін кіргізіп отырған жан. Жеті баланың анасы әлдебіреулер секілді бір-екі бала ғана туып, бой-басын күтіп отырған жан емес. Манаттың соңынан ерер қанаттарын өсіріп, тәрбиелеп отыр. Немере сүйіп отырған аяулы әже.
             Жолдасы Күлнәзия қайтпас сапарға аттанғаннан кейін бір-екі жылдай жадап-жүдеп жүрген шағында, жанына жарық сәуле сыйлаған кейінгі жары Рәшты да айтай кетуге болмас. «Жарты жолда атың өлмесін, жарты ғұмырда жарың өлмесін» деген емес пе, көзден кетсе де, көңілден өшпеген аяулы жарын бірден ұмытып кету кімге оңай дейсің? Сол жадау тартқан, жабыққан көңілі сол кездері еді. Рәш қалған бар ғұмырын шалына арнап, күндіз-түні кірпік қақпай, сол шалының амандығын ойлап, жарғақ құлағы жастыққа тимей, тілегін тілеп отырғаны. Рәштің күтімі ойынан шығып отырғанының дәлелі сол – аман-сау 80 жасқа жетіп, күннен-күнге жасарып бара жатқандай ғұмыр кешуде. Көрген адам ағамызды 80 жасқа қимай отырады. Сол ағамыздың қадір-қасиетін күнде жанында жүрген соң ба, онша бағалай бермейтініміз де бар. Пенде болған соң, пендешілік бола береді ғой. Ол кісінің араторлығы сондай, өзіне сайма-сай, ой-өрісі өзіне тең жандардың ортасында көсіліп сөйлеп кеткенде таң қалмасқа шараң жоқ. Кезінде заңғар жазушы ағамыз Әбіш Кекілбаевтың өзі осы ағамыздың сөзге шешендігіне қайран қалып, «Қара сөздің қаймағын ағызған дала академигі»  деп атап, бағалып кетуінің өзі тегін емес. Ауылымыздың атақ-даңқы алысқа кеткені сондай, кездескен жан ауызының суы құрып, ауылымызды көргісі келіп, армандап жүргендерін айтады. «Құлақпен естігенше, көзбен бір көргеніміз артық емес еді» деп айтып жатқандар аз емес.
              Қазіргі таңда осы елде тұратын әрбір шаңырақтың өсіп-өніп жатқаны да осы ағамыздың арқасы. Барлығының жағдайын жасап, тіптен кейбірінің әке-шешеден көрмеген жақсылықтарын көріп жатқандарын көріп жатқан жәйіміз бар десек те өтірік айтпаған болар едік. Әрбір жанұяның амандығы тұрмақ, тауығының сирағы сынбасын деген тілек тілеп отырады.
            "Елге ел қосылса – құт, елден ел кетсе – жұт" демекші, сыртқа кеткен әрбір ағайындары үшін де күйіп-пісіп отырғаны. Өзі туған ата-бабасының жерінде береке-бірліктің туын тігіп отырған атпал азамат ағамыз туралы айтар ойымыз осы болмақ. Құдайым ағамызға 80-ге келсе де еліне де, жеріне де қызмет жасайтын қажыр-қайрат берсін, басты байлық денсаулық ғой, сол басты байлығы зор болсын, сол денсаулықтың арқасында аман-сау ортамызда әлі де талай жасты артқа тастап жүре берсін.
            Кезінде анасы балалары үшін талай құрбандыққа барып, шолақ қолымен көзінің қарашығындай үш ұлын өсіріп жеткізген. Соның ішінде осы Кәкімжан ағамыздың тілегін көп тілеген екен. Ағамыздың әкесі өмірден өткенде бұл кісі небәрі жеті жаста ғана екен. Сонда анасы: «Е-е, құдай, Кәкімжанымды аман сақтай көр, сол кезде балаларына қызылша шығып жатыр екен, Кәкімжаным он бірге келсе, жетіліп кетер едім», – деп жылаған екен. Сол анасының тілегі қабыл болып, баласы ер жетіп, өз қолы өз ауызына жетіп, жетімдіктің де, жесірліктің де тауқыметінен арылған екен.
          Қазіргі таңда ағамыз ерен еңбегінің арқасында үлкен жетістіктерге жетіп, елінің, жерінің мақтанышына айналып отырған жайы бар. Мемлекеттен алған марапаттармен бірнеше орден-медальдардың иегері болды. Аты аңызға айналған азаматтың елінде тұрып, сарқытын ішіп жүргеніміздің өзі біз үшін үлкен мақтаныш. Осы кісінің арқасында отбасы мүшелеріміз көз алдымызда аман-сау жүріп жатыр. Ана үшін балапандарының көз алдарында аман жүргеннен асқан бақыт жоқ. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, бір елдің бүтіндігін сақтап  қана қоймай, тамыры тереңге кеткен бәйтеректей, сол елдің ащысы мен тұщысын бірдей татып келе жатқан ағамыз, әрі қазығымыз, әрі азығымыз, қамқоршы әкеміз болып, сол елдің түтінінің түзу шығуына баса назар аударып, халыққа үлгі болып отырған жан.
            Аға аман болыңыз, еліңізге, жұртыңызға тигізер пайдаңыз әлі де көп болып, асқаралы тауымыз болып асқақтай беріңіз. Мерейіңіз үстем болып, мәртебеңіз арта берсін.
             Біз сізбен мақтанамыз!
 
Алпыс  Алимбаев,
«Еңбек Даңқы» ордені иегері,
Еңбек ардагері,
Жангелдин ауданы,
Көлқамыс ауылы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓