Адасқандар табылды
Әулиекөл ауданының құтқарушылары далада адасып кеткен екі тұрғынды тауып алды, деп хабарлайды облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Аудандық ТЖ бөліміне 4 наурыз күні сағат 22:00 шамасында Көктал ауылының екі тұрғынының адасып кеткені туралы хабарлама келіп түскен. Белгілі болғандай, 46 жастағы ер адаммен 47 жастағы әйел жаяу Қараменді ауылына қарай бағыт алған.
«Адасып кеткен тұрғындарды іздеуге ТЖ бөлімінің екі қызметкері «Нива» көлігімен шықты. Іздеу шаралары барысында құтқарушылар үнемі байланысқа шығып тұрды. Олар адасқандардың назарын аудару үшін «Әулиекөл-Жалдама» тасжолынан 5 шақырым жердегі шөп үймелесін өртеді. Осылайша, жоғалып кеткен тұрғындар алыстан көрінген жарыққа қарай жүрген», – делінген облыстық ТЖД баспасөз қызметі хабарламасында.
Құтқарушылар сағат 02:40-та ер адамды тауып алған. Мұнан соң сағат 03:00-де үсіп кеткен әйел құтқарылды.