Аймақта діни ахуал тұрақты

Өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев азаматтық қоғам, ғылым және шығармашылық қауым өкілдерімен, жоғары оқу орындарының студенттерімен кездесті. Кездесу барысында министр Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндірді.  76fb86ff4cb682270b9956f3536de571
Жолдауда әлемдік экономиканың ерекшеліктеріне еліміздің табысты бейімделуі үшін 2018 жылы шешілуі қажет нақты міндеттер қойылған. Оның ішінде, жаңа технологияларды, экономикалық әлеуетті және инфрақұрылымды, мемлекеттік басқару және адами капиталын дамыту саласында 10  міндет белгіленген. 
Н.Ермекбаев дін саласындағы мемлекеттік саясаттың, азаматтық қоғам және жастар саясаты салаларының негізгі басымдықтары жайлы айтты:
-Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың шаралары келесі  басымдықтарға бағытталған. Біріншіден, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтауда дінді деструктивті мақсаттарда пайдалануға жол бермеу.  Екіншіден, діни қатынастарда заңды жұмыс жасайтын субъектілердің  мүдделерін қорғау. Үшіншіден, көпұлтты мемлекеттегі тыныштықтың кепілі болып табылатын мемлекеттің зайырлы негіздерін сақтау, – деді.
Қазіргі таңда мемлекеттiк қызметшiлерге қызмет бабын өзінің немесе басқалардың  діни мүдделеріне пайдалануға жол бермеу жөніндегі талаптар нақтылануда. Жоба бойынша бұған дейін онсыз да мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінде қарастырылған тек үш шектеу ғана енгізіледі. Алайда бұл шектеулер мемлекеттік қызметке кіруге, Құдайға сену немесе мешітке, шіркеуге бару құқығына әсер етпейді. Бұл Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі тарапынан дін мәселелері туралы заң жобасының енгізілетін кейбір маңызды ережелер. 
Азаматтық қоғаммен іс-қимыл саласында «Коммерциялық емес ұйымдардың қызметі туралы заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы» Заң жобасы әзірленіп отыр. Заң жобасының мақсаты – мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты барынша сапалы әрі тиімді ету. Бұл тұрғыда еліміздің өңірлеріндегі үкіметтік емес ұйымдарды, жастар ұйымдары мен діни қызметкерлерді қолдау мақсатында жаңа жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен,  Министрлік Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесіп, өткен жылы «Уақып» қайырылымдылық қорын құрған. Қор шалғай елдімекендерде тұратын және материалдық тұрғыда көмекке зәру 300-ден астам діни қызметкерге көмек көрсетіп үлгерді. Н.Ермекбаев біздің өңіріміздің де қоғамдық кеңестерінің белсенді жұмысын ерекше атап өтті.
Жолдауды жүзеге асыру шеңберінде Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі еліміздің белсенді азаматтарымен бірлесіп «Рухани жаңғыру» аясында «Атамекен» шағын бағдарламасын іске асыруда. Н.Ермекбаевтың айтуынша, Қостанай облысының кәсіпкерлері «Атамекен» шағын бағдарламасын іске асыруға белсенді қатысуда.  Өңір кәсіпкерлері Затобол кентінде жалпы құны 38 млн теңгені құрайтын қаржыға тұрғын үйлер аулаларын жаңартып, абаттандыру жұмыстарын жүргізген. Қамысты ауданындағы «Қарабатыр» Агрофирмасы» ЖШС директоры М.Құдайқұлов ауылдық мәдениет үйінің ғимаратын жөндеуден өткізді, ал Сарыкөл ауылында кәсіпкерлер есебінен спорт зал кешені қалпына келтірілген.
– Жастар саясаты саласында «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласының шеңберінде мемлекеттік жастар саясаты Тұжырымдамасын жүзеге асыру жөніндегі жоспар жаңартылды. Жоспарға енген іс-шараларда жұмыспен қамту, отбасылық құндылықтарды дамыту, жастар ұйымдарын қолдау, кәсіпкерлік пен еріктілер қызметі жүйелелерін жетілдіру мәселелері ескерілген, – деді министр.
Кездесу барысында Н.Ермекбаевқа өңір азаматтары ұсыныс-сауалдарын жолдады. «Перекресток» ҚҚ жетекшісі А.Куликов өзі басқаратын мекеменің жаз мезгілінде мүмкіндігі шектеулі балаларды қабылдау барысында бірқатар кедергілердің барын айтты. Тағы бір көтерілген жайт – еріктілердің мемлекет тарапынан қандай да бір көмекке мұқтаждығы. Н.Ермекбаев еріктілерді қатардағы жұмысшылармен теңестіретін құқық беру туралы мәселенің қарастырылып жатқанын жеткізді.
Кездесуде министр Қостанай облысының жалпы қоғамдық ахуалы мен діни тұрақтылығына оң баға берді.
Жұмыс сапары барысында Н.Ермекбаев үкіметтік емес ұйымдардың  ресурстық орталығына, «СарыарқаАвтопром» ЖШС, Ыбырай Алтынсарин мемориалды кешеніне, Шақшақ Жәнібек Қошқарұлы ескерткішіне, облыстық Аймағанбет қажы Спанұлы мешітіне барды. 
 
Шұға Қоңқабай

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓