Цифрландыру – жетістік кепілі
Өткен жылдың соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандағы жаңа индустрияландыру: орнықты даму мен прогресс үшін» деп аталған жалпыұлттық телекөпір кезінде бірнеше маңызды жобаның тұсауын кесіп, жұмысын бастап берді. Солардың ішінде Президенттің ерекше ықыласына ие болғаны – «ССКӨБ» АҚ Қашар кенішінде енгізілген «Ақылды кеніш» жобасы еді.
Бүгінде «цифрландыру» адам өмірі мен шаруашылығының барлық саласын қамтыды. Ақпарат алмасу, құжаттарды рәсімдеу сияқты қарапайым қызметтерден бастап ірі-ірі өндіріс ошақтарында қол күші автоматтандырылып, еңбек өнімділігі мен өнім сапасы артты. Соның айқын мысалы саналатын «Ақылды кеніш» жобасының мәнісі мынада: ауысым сайын Қашардан кен арту үшін 14 экскаватор, 30 технологиялық автомобиль жұмыс істейді. Осы техникаларды дұрыс пайдалану, оларды орналастыру, тасылатын кеннің көлемі, сапасы туралы ақпарат алу үшін бұрын өте көп уақыт кететін еді. Ал кез келген бизнесте, кез келген салада уақыт ресурс, қаржы, табыс болып саналады. Қазір осы жұмыстарға қатысты толып жатқан ақпараттың барлығы диспетчердің басында емес, аса дәл-дікпен жүйеде тұрады, мамандар оны компьютерден бақылап, көріп отырады.
– Жаңа жүйе енгізілгелі жұмыс жеңілденді. Барлық технологиялық процесті көз алдымызда көріп, авария немесе басқа да жағдайлар бойынша шұғыл әрекет жасауға мүмкіндік береді. Яғни техника тұрып қалмайды, процесс үзілмейді. Әзірге нақты нәтиже туралы айту ерте. Дегенмен кемінде үнемділік пен еңбек өнімділігі 10 пайызға артады деп жоспарлап жатырмыз, – дейді кеніштің өндірістік шебері Мерей Өтеулиев.
«ССКӨБ» АҚ президенті Береке Мұхаметқалиев барлығын жаһандық бәсеке таразылап тұрған кезеңде инновациялық технологияларды енгізбей көштен қалатынымыз айқын екендігін айтады.
– Себебі өндірген өнім өтпесе, ол шығынға айналатыны – экономикадағы дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Ал инновациялық озық технологиялар енгізілмей, кәсіпорынның экспорттық әлеуеті жоғарыламайды. Сол себепті Қашар кен басқармасында америкалық «Модулар Майнинг Системс» компаниясының DISPATCH жүйесін енгізіп, «Ақылды кеніш» жобасын іске қостық. Жалпыұлттық телекөпір кезінде Нұрсұлтан Әбішұлы кеншілер мен металлургтер бастамасына риза болып, «бұл «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының алғашқы қарлығашы» деп бағалады. Біз Елбасының әр сөзінен шабыт алып, осы бағыттағы жұмыстарымызды жалғастыра беретін боламыз, – дейді.
Осылайша, өткен ғасырдың ортасында іргесі қаланып, темір кенінің алғашқы тоннасын берген алып кеніштің ХХІ ғасырда мақсат-мүддесі жаңа сипатқа ие болып отыр. Мақсат бұрынғыдай көрсеткіш қуу емес, әңгіме сапаға келіп тіреледі. Сапаның болуы және жаһандық бәсекеге төтеп беру үшін Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауда қойып отырған міндеттер тұрғысынан көріну қажет. ХХІ ғасыр Индустрия 4.0, төртінші өнеркәсіптік революциясын алға тартып отыр.
Кен алыбы осы тұста көштен қалмай, замана ағымына ілесіп, өндірістік үрдістердің біразын оңтайландырды. Қолға алынған ауқымды жұмыстардың
арқасында бірлестік өткен жылдың қорытындысы бойынша кен аршу және тауарлық өнімді тұтынушыға жеткізу жөніндегі жоспарын 100 пайыз орындады. Жоспармен қоса, табыс та артты. Комбинат 2016 жылы 177,1 млрд теңгенің өнімін өндірсе, 2017 жылы бұл көрсеткіш 218,3 млрд теңгені құрады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында да елдің алдына он міндет қойып, солардың көшін бастап тұрған бірінші міндет «Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс» деп атады.
– Кәсіпорынның индустриясына 2025 жылға дейін 92 млрд теңгені бағыттау жоспарда бар. Бұл қаржыға Қашар кенішінде 3 жоба жүзеге асырылмақ. Оның алғашқысы «Ақылды кеніштің» құны 3135 млн теңгені құрады. Биыл бұл кеніште байыту фабрикасының құрылысын бастап, циклді-ағынды технологияны енгіземіз. Сондай-ақ «Ақылды кеніш» жобасы Сарыбай, Соколов және Қоржынкөл бөлімшелерінде де енгізілетін болады, – дейді кәсіпорын басшысы.
Бүгінде дүние жүзі бойынша 15 мемлекет цифрландырудың ұлттық бағдарламасын бекіткен. Дания, Норвегия, Ұлыбритания, Үндістан, Ресей, Қытай сынды елдердің тізіміне Қазақстан да қосылып, көштен қалыс қалмауға қарышты қадам жасады. Сөйтіп бағдарламаны жүйелі жүзеге асыруға темірқазық ретінде 5 бірдей бағыт таңдалды. Осы тұста кедергілер де жоқ емес.
– Өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпорындардың тек бар болғаны 20%-ы ғана осы цифрландыруға дайын екен. Тау-кен өнеркәсібінде ол – 40%. Жалпы айта кететін болсақ, бар болғаны 20-30% көлемінде біздің кәсіпорындар дайын деген сөз. Ал олардың ары қарай деңгейін көтеру үшін оларды интернетке қосу керек, – дейді
Әлемдік экономика және саясат институтының жетекші сарапшысы Айжан Мұқышбаева.
Қайткенмен «ССКӨБ» АҚ ұжымы «Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасының жүзеге асуына алғашқы қадамын жасады. Алдағы уақытта еліміздің басқа да ірі өнеркәсіптік кәсіпорындары тыңнан түрен салып, игі іске үлес қосады деген сенімдеміз.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ