Әйгерімнің жеңісі
Астанада қазақтың көрнекті жазушысы, көркем сөздің хас шебері Ғабиден Мұстафиннің туған күні қарсаңында «Алтын ұрпақ тынысы» атты республикалық шығармашылық мәнерлеп оқу байқауы мәресіне жетті. Шараның мақсаты – көрнекті әдебиет тұлғаларының шығармашылығын жас буын арасында насихаттау, оларды көркем шығарма оқуға тарту.Аталған байқауға біздің өңіріміздің де жас әдебиетсүйерлері қатысып, үздік танылып отыр. №24 мектеп-гимназияның 4 «а» сынып оқушысы Әйгерім Ахмеджанова бірінші дәрежелі диплом иегері атанып келді. Тәлімгері – мектеп жанынан құрылған мәнерлеп оқу үйірмесінің жетекшісі Нұргүл Касенова шәкіртінің жеңісіне қуанып отырғанын жасырмады:
– Бұл жолы үлкен жеңіспен оралып отырмыз. Байқауда шәкірттерімнің үшеуі де жүлделі оралды. Әйгерім өз кезегінде Айгүл Сағынбайқызының «Соқыр ана» монологын нақышына келтіріп оқып берді. Қазылардың жоғары бағасына ие болды. Бәрінен де абырой болғаны, байқауда Ғабиден Мұстафиннің немересі төрағалық етіп, Әйгерімнің талантына тәнті болды, – деді.
Бұл Әйгерімнің алғашқы жеңісі емес. Бұған дейін талай додаларда топ жарған. Сабақты жақсы оқиды әрі мектептегі іс-шаралардан қол үзген емес, қоғамдық жұмыстарға үнемі араласып келеді. Қазақ тілімен қоса, орыс тілінде де өлеңді нақышына келтіріп оқып береді. Тоғыз жасынан бастап үйірмеге қатысып келеді екен. Айтпақшы, әкесі Қалижанның да аздап өлең жазатын қабылеті бар. Ал анасы Гүлсім қызының үнемі кітап оқу мен еркін сөйлеу мәнерін меңгеруіне көмектесіп отырады. Олар Әйгерімнің болашағынан үлкен үміт күтеді.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.