Жүзден астам бала жапа шеккен
31 желтоқсаннан 3 қаңтарға дейін облыстық балалар ауруханасының травматологиялық бөліміне жүзден астам бала келіп түскен.Қырыққа жуық бала желтоқсанның соңғы күнінде шағымданған.
"Мәселен, бетін күйік шалған қыз бала жеткізілді. Оның қолында петарда жарылып кеткен. Бұл – осы жылдағы жалғыз ғана оқиға. Былтыр мұндай үш жағдай тіркелген еді", – дейді травматологтар.
Ақ халаттылардың мәлімдеуінше, қаладағы балалар жиірек жарамен, қол немесе аяқтары шығып, шипа сұрай келсе, облыс көлемінен көбінесе күйік шалу дерегімен хабарласады екен.
"Көпшілік зақымдану 31 желтоқсанда тіркелді. Емделушілер, бір қызығы, сырғанақ, мұз алаңдарында емес, үйлерінде жапа шеккен. Біразы Аяз ата тарту еткен сыйлықтардан жәбірленген. Олар гироскутер, скейт, ролик, коньки сынды тартуларды үй ішінде тұтынып көргісі келген. Ваннадан, диван, кереуеттерден құлап, денелерін күйік шалып, сүйектері майып болғандар көп", – деп толықтырады денсаулық сақтау басқармасының мамандары.
Аталмыш басқарма әлеуметтік желілердегі парақшаларында тұрғындардың балаларына абай болуына, көзден таса қалдырмауларына шақырады.