Отанды сүю – өлке тарихынан басталады
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын зер сала оқып шықсақ, елдің бүгіні мен болашағы туралы қуатты сезім ағысымен жүректен өткізе отырып толғана, тебірене сыр шертеді. Соның ішінде, Отанға деген патриотизм туған жерге деген сүйіспеншіліктен басталады деп көрсеткен. Сондай-ақ, өлкетану бағытындағы «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды.
Туған жер – әр адам үшін ыстық. Сондықтан, туған өлкеге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне ерекше құрметпен қарау – шынайы патроитизмнің белгісі. Мақалада «Туған жер» бағдарламасын іске асыру үшін кітапханалар мен мұражайлар қорын байыту керектігі де айтылды. Бұл бағыттағы жұмыстар Л.Н.Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында да ерекше бағыт алды. Кітапханамызда «Өлкетану. Әдебиеттер бөлімі» ашылып, аймақтың тарихынан сыр шертетін іс-шаралар ұйымдастырылып, тарихи кітаптар мен жазбалар да көбейді.
Туған жерге сүйіспеншілік – туған тарихыңды тереңнен білуден басталады. Еліміздің әрбір тау-тасы, өзені-көлі, сайы мен қыры – тұнып тұрған тарих. Құрметті қала тұрғындары, жалпы Қостанай облысы, аудандары мен ауылы, ұлы тұлғалары жайлы тереңнен тарихи ақпарат керек болса, Л.Н.Толстой атындағы облыстық кітапханасының «Өлкетану. Әдебиеттер бөліміне» келіп, кез келген ақпаратты ала аласыз.
Бізде халқына пана бола білген, ел есінде қалған біртуар перзенттер жайлы құнды құжаттар бар. Ы. Алтынсарин, А. Байтұрсынұлы, Т. Әбдікұлы, Ғ. Қайырбеков, Б. Майлин, С. Мауленов сияқты көптеген ұлы тұлғалар жайында жас ұрпақтың білгені абзал. Біздің қорда өлкеміздің тарихынан сыр шертетің 4000 жуық кітап бар. «Өлкетану. Әдебиеттер бөлімінің» тағы бір атап өтерлік ерекшелігі, кез келген оқырман кітап, журнал, газет ішіндегі мақаланы қордан іздемей-ақ, электронды түрде оқи алады.
Жуырда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», соның ішінде латын әліпбиіне көшуге қатысты іс-шара өтті. Оған А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры Алмасбек Әбсадықовтың қатысып, «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы ма, әлде үлкен саясат мүддесі ме?» атты ашық сұхбат өткізді. Аталмыш шарада латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы, қажеттіліктері жайлы ойлар ортаға салынған болатын.
Жұлдыз Сейілова, Л.Н.Толстой атындағы облыстық
әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкері.