Кардиологиялық орталық ашылды
Әзірге бұл орталықта дәрігерлер пациенттерге кеңес беру және күндізгі стационарда ем жүргізумен айналысып жатыр. Таяу күндері орталық күндіз-түні жұмыс істейтін болады. Астаналық клиникалардың дәрігерлерінің ғана қолынан келетін оталар да жасала бастамақ. Бұл туралы alau.kz мәлімдейді.Қостанай облысы қан айналымы жүйесінің ауруларынан көз жұматындар саны жөнінен ел бойынша ең алдыңғы қатарда тұр. Мұның сыртында, кардиологиялық кадрлар да тапшы. Сондықтан да осы орталықты ашу қажеттігі туындады.
Орталық қараша айынан бастап демалыссыз стационарға көшеді. Ал келер жылдың басынан кардиохирургиялық және интервенциялық кардиология бөлімшелері ашылады. Мұнда облыс тұрғындарына жоғары деңгейде мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі.
"Аортокоронарлық тұйықтау және жүрек клапандарын протездеу амалдары іске асырылатын болады. Сондай-ақ, кардиологиялық оталарға арналған заманауи еуропалық аниографқа қол жеткіземіз. Ал бұған дейінгі тұтыныстағы аппарат он жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Әрине, моральдық және физикалық тұрғыда тозығы жетті", – дейді орталық жетекшісі Дмитрий Лобков.
Арнайы құрылғы орталыққа жуырда жеткізіледі. Бұл дегеніңіз – бұдан былай қостанайлықтарға "күрделі" оталар жасату үшін Астанаға немесе Ресейдің шекаралас қалаларына сабылудың қажеті болмайды деген сөз. Орталықта жергілікті кардиологтармен қоса, алдыңғы қатарлы ұлттық клиникалардың мамандары жұмыс істейді.