Достықта шекара болмайды
«Тілдерді білу – уақыт талабы» лейтмотивімен Рудный қаласының оқушылар және жастар шығарашылығын дамыту сарайында рухани келісім күніне арналған «Армысың, досым!» атты шығармашыл ұжымдардың VI қалалық фестивалі өтті. Оған діни бірлестіктер мен қоғамдық жастар ұйымдарының өкілдері, Қостанай мен Рудныйлық колледждердің оқытушылары мен студенттері қатысты. «Тәжірибедегі психологтар қауымдастығының» жетекшісі Юлия Калюжнаяның айтуынша, «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылған шараның басты мақсаты – жастар арасында толерантты сана-сезімді қалыптастыру, ұлттық дәстүрлер мен мәдениетке деген сыйластық қарым-қатынасты тәрбиелеуге қажетті жағдайлар жасау. Қазақстан аумағында өмір сүретін түрлі ұлт өкілдерінің рухани мұралары мен дәстүрлерін дәріптеу. Негізгі идея – Қазақстан ұлттарының ұлттық дәстүрлерімен таныстыру ғана емес, жас ұрпақты патриотизмге және туған өлкеге деген махаббатқа тәрбиелеу.
Фестивальде өнерпаздар әр түрлі ұлт өкілдерінің әндері мен билерін орындап, салты мен дәстүрлерінен сыр шертті. Сахналық қойылымдар арқылы әртістік шеберліктерін көрсетті. Осылайша, қатысушылар патша-көңіл көрермендер мен қазылар алқасына өздеріне берілген тапсырмаға зор жауапкершілікпен, жақсы даярлықпен келгендіктерін дәлелдеді. Шараның қорытындысы бойынша, бас жүлде Рудный құрылыс және көлік колледжінің командасына бұйырды. Бірінші орынды Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжі, екінші орынды Қостанай тұрмыстық қызмет көрсету колледжінің жастары иеленсе, үздік үштікті Қостанай политехникалық колледжі студенттері тұйықтады.
Биыл ұйымдастырушылар салауатты өмір салтын қолдауды ұйғарып, жүлдегерлерге спорттық сыйлықтар дайындады. Мәселен, бас жеңімпазға зілтемірі бар жаттығу кешенін сыйласа, бірінші орын алған команда теннистік үстелмен, екінші орын иелері тренажерлік жаттығу кешенімен, ал үшінші орын жеңімпаздары доптардың жиынтығымен марапатталды.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ