Ынтымақтастық аясы кеңейді
"ССКӨБ" АҚ басшылығы мен кәсіподақ комитеті алғаш рет балалар үйімен, жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған №1 мектеп-интернатымен, көлік және құрылыс колледжімен және тау-кен-технологиялық колледжімен өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Құжат аталмыш мекемелердің тәрбиеленушілерімен кәсіптік бағдар жұмыстарына көзделген және жұмыстың негізгі үш бағытын қамтиды. Ол кәсіпорын бөлімшелеріне экскурсиялар санын көбейту, өндіріс озаттарымен тұрақты кездесулер ұйымдастырып, техникалық колледждер базасында таңдалған мамандық бойынша тәжірибелік сабақтар өткізу.
– Қазақстандағы мемлекеттік жастар саясаты жастардың еңбек саласындағы әлеуметтік құқығын қамтамасыз етіп, оларды тұлғалық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға бағытталған. Сол себепті балаларға мамандық таңдауға көмектесіп, олардың болашағын жарқын етуге үлес қосып отырған бірлестік басшылығының бұл қадамына ризамын. Ынтымақтастығымыздың аясы кеңейе берсін, – деді басқосуда сөз алған №1 мектеп-интернаттың директоры Ирина Дмитриева.
Тараптар дуальді оқыту жүйесінің маңыздылығын да атап өтті. Колледж басшылары Аманжол Сағынаев пен Александр Серегиннің айтуынша, білім беру үрдісінде тәжірибелік бөлік зор мәнге және оны мектеп қабырғасынан бастау қажет. Сондықтан да балалар үйі мен мектеп-интернатының жоғары сынып оқушылары үшін аталмыш оқу орындарының есігі әрдайым ашық.
– Жастарға қолдау көрсетіп, еңбекке деген оң көзқарастарын қалыптастыру, мүмкіндіктерін бағалауға үйрету – біз үшін маңызды іс. Еуразиялық Топтың барлық кәсіпорындарында өткізілетін кәсіби бағдарлау жұмысының арқасында түлектер өзінің кәсіби жоспарларын қалыптастырып, болашаққа нық қадам басып отыр. Біз, бастысы, адамгершілігі жоғары тұлға тәрбиелеп, жастарға зор сенім артуымыз қажет, – деді салтанатты рәсімді қорытындылаған «ССКӨБ» АҚ президенті Береке Мұхаметқалиев.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ