Еркін МҰХАМЕДЖАНОВ: «Елдік мақсат тұрмыстық мүддеге түспеуі тиіс!»
«Қазақстан-Қостанай» телеарнасы енді «Qostanay» аталады. Дизайн өзгереді, тиісінше бірнеше жаңа жоба эфирге шығады. Әзірге телевизиялық күзгі маусымның жаңалығы осындай. Телеарна басшысы, белгілі журналист Еркін Таңатқанұлы облыстық телевизия саласындағы жаңалықтардан тыс, қазақ қоғамындағы рухани құндылықтар, іргелі мәселелер төңірегінде сөз қозғады.
Арна атауы – «Qostanay»
– Еркін Таңатқанұлы, алда – жаңа телевизиялық маусым. Жаңа атау мен логотип – жаңарудың алғашқы нышаны. Тағы не қосасыз?
– Негізгі мәселе атаудың өзгеруінде емес – ішкі мәнде, мазмұнда. Облыстық телеарна атауының өзгеруі – біртұтас «Қазақстан» ұлттық телеарнасын қамтыған ауқымды жаңарудың бір сипаты ғана. Тәулігіне 17 сағат хабар таратып, құт мекен Қостанай аумағын 97 % қамтитын телеарна, өз тарихында үшінші мәрте ребрендингке жүгініп отыр. Ал, телеарна ашылған 1991 жылдан есептесеңіз, биыл бізге 26 жыл. Осынша уақытта облыс телеарнасының келбетін үш мәрте ауыстыруы біздің шамалауымызша, тым көп емес. Бастапқыда айтқандай, біз таңдаған жаңа атау – «Qostanay». Түрлі ұсыныстарды екшей келе, редакция алқасы осы ұйғарымға тоқтады. Атауымыз латын қарпінде таңбаланады. Біз ғана емес, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының құрамындағы өзге он үш филиалдың барлығы өз атауларын өзгертіп, латынша таңбалауға келісім берді. Ал, біздің корпорация құрамында екенімізді, яғни үлкен бір телевизиялық отбасы мүшесі екенімізді логотип арқылы ғана аңғартпақпыз. Логотип түсі еліміздің туында бар түстерге негізделген. Негізі ребрендинг мақсаты – ұлттық бағытымызды сақтай отырып, жаһандық стандарттарға сай, біртұтас танымал бренд құру. Біздің телерадиокорпорацияның мемлекет атауын иемденгенін, яғни «Қазақстан» аталатынын ескерсеңіздер, бұл ребрендингтің маңызын ұғынуға болады. Қазақ елінің болашақ бағдары, таңдауы латын қарпі болып отыр. Азаттық алған алғашқы жылдардан-ақ белгілі межелердің бірі ретінде таңдалған жоспар енді жүзеге асуға бет алды, сондықтан «Qostanay» атауын біздің құрметті көрермен жылы қабылдайды деп үміттенеміз.
– Бағдарлама атаулары да латынша бола ма?
– Әзір емес. Болашақ көрсетеді. Кезең-кезеңімен келетін дүние деп ойлаймыз. Ал, қазақ телевизиясында бұған дейін латынша таңбаланған бағдарламалар ішінара болды. Өзге медиаресустарды айтпағанда, біздің Қазақстан телеарнасының сараптамалық бағдарламасы соңғы төрт-бес жыл көлемінде латынша таңбаланып келді, «Apta.kz» деп. Орталықта жұмыс істеп, сол бағдарламаның басы-қасында жүрген, жетекшісі ретінде жақсы білемін. Жалпы, қоғам үшін артық сөзсіз, көп талқысыз, жарнамасыз атқарылатын кейбір мәселелер болады. Кезегі келгенде уақыттың өзі сол істі, сол міндетті алдыңғы орынға шығарады. Латын қарпіне көшу мәселесі де артық талқысыз, көп сөзссіз жүзеге асырылатын міндет. Біздің қазіргі ойымыз көптің көзі үйреніп, санасына сіңе берсін деген қадам.
– Жаңа жобалар туралы нақтылай түссеңіз…
– Біздің ұжым өзіне артылған идеологиялық міндетті жақсы біледі. Біз алдымен тәуелсіз Қазақстанның тұтастығын, Президентіміз Н. Ә. Назарбаевтың бірлік пен татулыққа негіздеген бірегей саясатын насихаттаймыз. Сол ынтымақ идеологиясының өңірде насихатталуына, жүзеге асуына қал-қадіріміз жеткенше қызмет етеміз. Бұл – біз үшін бұлжымас қағида, негізгі міндет. Ал, ақпараттық кеңістікті бос тастаудың, ақпараттық кеңістікке немқұрайлы қараудың қаншалықты қауіпті екенін кейінгі жылдардағы болып жатқан геосаяси тартыстар, дүрбелеңдер анық көрсетті. Түптеп келгенде біздің жұмысымыздың мәні қоғамның бірлігі, қоғамның татулығы, ынтымағы. Содан кейін әрине жаңа дүниелерді бастар кезде нарықтың мүмкіндігін есептейміз, әрі біз өмір сүріп отырған қоғамның негізгі құндылықтарын екшейміз. Тележобалар соған сай түзіледі. Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласы бізге көп міндет жүктеді. Содан келіп туған жерге деген құрмет пен іңкәрлікті негіздей түсу мақсатында «Елбесік» атты бағдарлама түздік. Бұл атауды иемденген арнайы жоба біздің телеарнада көп жыл бұрын болған, бірақ енді форматын жаңартамыз. Сондай-ақ отбасы құндылықтарын насихаттап, туыстық қарым-қатынастың, сыйластықтың мәйегін, адами ізгіліктерді ортақ әңгімеге өзек қылатын «Ақ орамал» ток-шоуын, саяси-әлеуметтік сипаттағы, салмақты мәселелерге негізделген «Ел мүддесі» бағдарламасын, «Журналист меняет профессию», балдырғандарға арналған «Радуга», «Күншуақ», «Дело житейские» әлеуметтік ток шоуы секілді бірнеше жаңа жобалар осы маусымда жарық көреді. Қазір соңғы әзірліктер пысықталып жатыр. Қыркүйек айында осы бағдарламалардың дені көрермен көз айымына айналады деген үміттеміз.
– «Ел мүддесі» нені көздейді? Басты тақырыбы қандай?
– «Ел мүддесінің» тақырыбы да, мәні де атауында тұр. Қазір біз әлеуметтік желілерде көп отырамыз. Шынын айту керек, әлеуметтік желілердің қазақстандық контентін жеке бөліп қарасақ, кейде түңіліп кетуге болады. Рас, ғаламтор – үлкен күш. Сол ғаламтор енді сананың торына айналып барады. Сол ғаламторда өнбес дауды қуып, арамтер болып отырған замандас көбейді. Бір шешімі қиын, оңбай жатқан істі тауып аламыз да, соны міндетті түрде әлеуметтік желі арқылы тас-талқан қылып талқылаймыз. Одан соң «ел құрып барады», «осымен біттік», «жұрт болмаймыз» деген байбаламдарды тізбектетеміз. Ғаламторда мың түрлі адам отырады, оқиды. Олардың ақпаратты қабылдауы да сан түрлі. Әлгі «ел болмаймыз» деп қорытынды шығарған «көкемнің» сөздері біріне болмаса да, екіншісіне әсер етуі мүмкін. Ол ақпараттың қайдан, неге шыққанын зерттемей жатып, үшіншісіне айтады. Міне, қоғамға кері әсер осыдан басталады. Сол арқылы адамдардың тіршілікке ынтасын, құмарын жоямыз. Өз мүддемізді елдің мүддесінен жоғары қоямыз. «Ел мүддесі» бағдарламасының негізгі міндеті де ақ-қараны айырып, көрсету. Қолдан келгенше аудиторияға толыққанды, анық ақпаратты жеткізу, мәселенің түп мәніне үңілу. Бір адамның, я бір топтың қалау-ниеті көп мүддесінен, жұрт мүддесінен, тұтас алғанда ел мүддесінен жоғары емес екенін аңғарту
– «Жаназық» жалғасатын болар?
– Иә, бұл жобаның жөні бөлек. Бұл жаңа жоба, эфирге екі саны ғана шықты. «Жаназықтың» басы-қасында жүрген әріптесіміз, жақсы ақын, мықты азамат – Нұрқанат Құлабаев. Авторға бастапқыдан қойылған негізгі талап, хабарға түсірілетін тұлғалардың қайраткерлігін, басқа қасиеттерін емес таза шығармашылық келбетін, кісілік келбетін ашу. Әзірге бұл талап орындалып келеді деп білеміз. Әдебиет үлкен әлем ғой. Әдебиет сезімнің, ойдың майданы, жанның азығы емес пе?! Қолымыздан келгенше, өреміз жеткенінше бұл хабарды таза ұстау, шынайы ұстау ниетіндеміз. Көрермен ақын иә жазушының тұлғасын шығармашылығы арқылы таныса, мойындаса екен деген тілектеміз. Негізі тағы да бірнеше тың жоба жоспарланған, кезегі келгенде, кемеліне толғанда көрерменге ұсынамыз.
-Кез келген өзгеріс еңбекті, мол күшті қажет етеді. Кәсіби мамандар жеткілікті ме?
– Қостанайдың журналистика мектебі қашанан мықты саналады. Қазір орталықта жұмыс істеп жүрген біздің құтты мекенен шыққан әріптестерімізді жинаса, бір емес бірнеше редакция жасақтауға болады деп айта аламын. Дархан Әбдуахит, Гаухар Кенжебек, Дамир Айдаров, Әділ Нұртай, Гүлжан Марқабай, Дулат Жексенбай, Лаура Жүсіпбекова, Азамат Нұғыманов, Жансая Қожахметова секілді журналистерді тізбектей жөнелсек көпке созуға болады. Аталған әріптестеріміздің барлығы да осы Қостанай телеарнасында еңбек жолын бастаған. Қазір үлкен телеарналардың бір-бір мықты қызметкері. Яғни қостанай тележурналистика мектебі талай кәсіби маман шыңдаған орда. Өзім де осы телеарнада еңбек жолымды бастап, он жылдан аса уақыт Астанада қызмет істедім. Көп жыл Президенттік ПУЛ құрамында болып, жиһанды көріп, Елбасынан сұқбат алғанымды зор құрметпен айта аламын. Сіздің сұрағыңызға орай, кәсібіне адал мамандар бұл жерде баршылық дер едім. Біздің міндет – үйлестіру, әрбір журналисті қарым-қабілетіне қарай бағыттау. Рас, жұмыс аз емес, жүктеме көп, талап та зор. Бірақ біздің ұжым жұдырықтай жұмылып, кез-келген міндетті қал-қадірінше атқарады деп сеніммен айта аламын. Қашанда артқа қарайламай, алға ұмтылған адам озады. Ал тұтас ұжым сол жекелеген адамдардан құралатыны әмбеге аян.
«Өткенмен өмір сүру – дерт»
– Алға ұмтылу өткеннің барлығын сызып тастау деген сөз емес болар. Қазір жастар көп сыналады. Сіздің пікіріңіз?
– Өткенді ешкім сызып, өшіріп тастай алмайды. Бірақ, үнемі өткенмен өмір сүре де алмайды. Заманында заңғар едік, жаугер едік, батыр да бағылан едік деп белгісіз бір дәуірлерді аңсап, жата бергенен береке таппаймыз. Тарих – сабақ! Бітті. Өткеннен сабақ ал да, алға бас. Бұрынғымыз жақсы деп, қайтадан атқа қонып, көкпар тартып, барымта жасап жүруге заман көне ме? Қазіргі өркениет қабылдай ма? Мәселе осында ғой. Біз бос сөз, өнбейтін дауды қуып уақытты ысырап етеміз. Нақты міндетіңді адал атқар, қолыңнан келетін іске ұйытқы бол. Талабың жетсе жаңа дүние жаса. Алға ұмтылдың мәні сол. Бұл ақылды бізге дейін де шын мықтылар айтып өткен. Біздікі қайталау ғана. Қысқасы, жатып алып, «гөй-гөйлеуден» сақтанайық. Әркім өзінен бастасын. Ойланып қарасақ, ел мүддесі үшін белгілі бір буынды құрбандыққа шалуға болады. Көпшіліктің, топтың мүддесіне келген қара басыңның жағдайы түкке тұрмайды. Бізден бұрын талай ғұламалар, елі үшін күрескен батырлар өткен. Тарих «жұтып» қояды. Рас, «өмірім быт-шыт, не үй, не көлік жоқ» дейтін жылауық, жасық жігіттер көбейді. Сол арқылы бүкіл қоғамдағы жетістіктерді жоққа шығарады. Оларға салсаң, Қазақстан мүлдем дамымай жатыр. «Бүгінгі жаңа деп жүргендеріміздің бәрі – өңделген ескі». Кез келген нәрсенің шарықтау шегі бар. Төзе білу керек. «Әр ұрпақ өзіне арқалаған жүкті межелі жеріне дейін жеткізсе, содан артық дүния жоқ» деген Әлихан атамыздың сөзі бар. Мына біздің буын үлкен өзгерістерді бастан өткеріп жатыр. Бұл өзгерістерді біздің аталарымыз да көрді. Егер барлығын бір ғана буынға артып тастасақ, тарихтың әділетсіз болғаны. Тіл мен дін мәселелері, шекараның шегенделуі, халықаралық қатынастардың өзгеруі деген мәселелер тұр. Бұлар «шауып» жүрген адамға көрінбеуі мүмкін.
Тағы бір жақсы сөз есіме түсіп отыр: «Шапқанда байдың ұлы, тоқтағанда есіне түседі». Бір жетістікке жетсек, бөркімізді лақтырып, бізден асқан бақытты жан жоқтаймыз. Ал бір соққы алсақ, өмірден түңіліп кетуге бармыз. Осындай әсершіл мінез бізді кері тартады, алға бастырмайды. Жасөспірім, көкөрім осы тұрғыда мықтап ойлануы тиіс. Біз де жаңа жобаларымызда зиян мінездерден арылуды, өмірге бейім болуға насихаттаймыз. Жаңа маусымда қайта түлеп, жаңғыруды мақсат еткен «Qostanay» телеарнасын бірге көруге шақырамыз. Ал, жастарды сынау жалпы адамзатқа ортақ мінез болар. Өскен буынның, өмірді көріп ақылы толысқан буынның өзінен кейінгіге көңілі толмауы қашаннан бар, бола да бермек. Дұрыс сынды қабылда, бұрыс сынды ұмыт. Өмір шіркін жалғаса бермек.
– Қазір ақпарат тым көп, ақпарат көзі де аз емес. Жаңа шыққан ақпарат, жарты сағатта көнеріп қалып жатады. Осы реттен келгенде «Qostanay» телеарнасы бәсекеге қаншалықты бейім?
– Біздің дәуірге «ақпарат дәуірі» деп айдар тағылғанын білесіздер. Тіпті, одан зорғысын айтсақ, қазір үшінші дүние соғысы – ақпарат майданы сипатында жүріп жатыр деген де пікір бар. Тағы да сол соңғы жылдардағы геосаяси, геоэкономикалық, геостратегиялық мүдделерді сараптап отырсаң, қым-қиғаш ақпарат майданының жүріп жатқанын аңғару қиын емес. Мысалды алыстан іздемей-ақ Ресей медиаресурстарына назар салсаң жетіп жатыр. Ақпарат құралы көбейген сайын шынайы ақпаратқа қол жеткізу, көз жеткізу қиындап кетті ме деп ойлайсың кейде. Өйткені, қазір ақпаратты бұра тарту, бүйректен сирақ шығарып, мүлде басқа бағытқа сілтеу, мүдделер ойыны белең алып тұр. Жүздеген басылым, мыңдаған сайт, бірнеше әлеуметтік желі шыққалы жан-жағың түгел «журналист» секілді әсерде боласың кейде. Бұрынырақта ақпаратты қалай бар, солай қабылдау қажет болса қазір кез-келген жаңалық пен сараптаманың түп-мәніне үңілуге, ақ-қарасын ажыратуға уақыт жұмсайтын болдық. Яғни бар ақпаратты бұрмалау, өзіне тиімдісін, қажетін ғана жариялау дерті меңдеді. Дәл осы тұрғыдан келгенде қалай айтсақ та, мемлекеттік мүддеден, мемлекеттік позициядан сөйлейтін ақпарат құралдарында ең сенімді, анық, толыққанды материалдар жарық көреді деп кесіп айта аламын. «Qostanay» – телеарнасы осы санаттағы ақпарат құралы. Біз телеарна болғандықтан ақпараттық бәсекеде біреуген есе жіберуге тиісті емеспіз. Ресурс бар, техникамыз әлі де жетілдіруді қажет етсе де, дер кезінде ақпарат таратуға қауқарлымыз. Оның үстіне өзіміздің дербес сайт жұмыс істеп тұр. Дегенмен біз үшін негізгі принциптердің бірі – ақпараттың нақтылығы, шынайылығы, дұрыстығы. Ал, тексерілмеген, дүмбілез дүниелерді эфирге бермейміз, сайтқа да салмаймыз. Яғни, бәсекені біз өзіміздің беделіміз, тұрақтылығымыз арқылы еңсереміз. Тағы да қайталап айтамын, «Qostanay» телеарнасын көріңіз.
Ой-отауда сұхбаттасқан Қасқырбай Қойшыманов
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков
Еркін Таңатқанұлы – елдегі ірі журналист. Артық ауыз сөзі жоқ, Қасқыр інішек те өз өресінде жазыпты. Мықты тандем Адам оқитын мықты сұхбат жасапты. Қостанай арнасын көрейік, қостанйлық ағайын.