Тектілік

Сырлар бар-ау, құпиялы бір шама:
Жұмыртқадан шығар жылан, сұңқар да.
Бір биеден туар ала, құла да,
Бар балаңнан бөлек туар бір бала.
 
Ата-анасы, үлкен-кіші, кәрі де,
Сөздері мен істерінің мәніне
Байланысты әсер етер балаға,
Тұлғаланып өсуіне , әрине.
 
Ықпалы көп рухани ортаның,
Ата көру, ана көру, ол – тағлым
Ұры-қары, қылмыскерлер көбейсе,
Табылады сататын да Отанын.
 
Ондайлардың әсерінен тексіздік,
Шығар қаулап жамандыққа бет түзеп.
Сол тексіздер балта шабар ұлтының,
Болашағын мертіктіріп, ессіз қып.
 
Ұлтты жұтар аждаһаға теңесем ,
Тексіздерде жатыр қауіп ересен.
Тектілікте жатыр негіз түпкілік,
Текті болмай түлер едім деме сен.
 
Көпті көрген көне көздің ұрпағы,
Бөтен тілде сөйлесіп тіл қатады.
Ана тілін, ата тегін білмейтін,
Адамдар ол тексіздерге жатады.
 
"Жаңа қазақ" деген ұрпақ осы бір,
Балалары шетелдерде оқып жүр.
Әкесіне орысша хат жазғанға,
Мақтаныш қып атасы оның бөсіп жүр.
 
Өз тілінде табиғаттың бөлшегі
Сөйлеседі тіл табысып мөлшерлі.
Сөйлер неміс өз тілінде, ал қытай
Қытай тілін етті қатынас өлшемі.
 
Қазақ тілі ойласаңыз қандай-ды,
Қазақ неге қазақ болып қалмайды.
Біз сөйлесек ағылшынша, орысша,
Құстың өзі құс тілінде сайрайды.
 
Өзгелерден артықтығы қазақтың
Тектілігі ұрпақ қуып қалатын.
Сен қазақтың бабасын да, баласын,
Тегін айтса оңай тауып аласың.
 
Сүтпен енген қанымызға қызбалық ,
Жеті атасын білмейтін жоқ бізде анық.
Аталарын шежірелеп таратып,
Бәрінен де жатыр белгі із қалып. 
   
Абай, Мұхтар, Ыбырай мен Шоқанда,
Бабалардың тектілігі бар қанда.
Өнегелі өмірлері теңдессіз,
Тектіліктің эталоны қашанда.
 
Қазақ біздің тектілікке жүгінген,
Тексіздіктің соңын ойлап түңілген.
Құда түскен қасиетті шаңыраққа,
Атасы алыс текті жердің бірінен.
 
Сөйтіп таза сақталыпты қанымыз,
Қаны таза қазақпыз біз бәріміз.
Алып елге айналамыз алпауыт,
Бүкіл әлем таңданатын әлі біз.
Сайлаухан Жартыбаев.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓