ШАТТЫҚ СЫЙЛАҒАН ШАРА
Қостанайда «Мектепке жол» дәстүрлі республикалық қайырымдылық акциясы басталды. Тоғызыншы жыл қатарынан өткізіліп жатқан іс-шара барысында тұрмысы төмен, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған және көпбалалы отбасылардың балаларына көмек көрсетіледі. Әдеттегіден тыс акция биыл ашық 9-шы шағын аудандағы ашық алаңда өтті. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда жиылғандардың қатары да артқан.Былтыр бюджеттен қаржы бөлініп, еліміз бойынша 8300 балаға мектепке қажетті құралдар алынса, биыл тағы 10523 балаға көмек көрсетілді. Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының өкілі Гүлнар Ершіманова айтты.
– Оқушыға ең қажеттісі – сөмке, дәптер, күнделік, қарындаш, қаламсауыт секілді құралдар. Елбасы қоры елдің әр өңіріне шығып, балаларға мектепке қажетті сөмкелер мен керек-жарақтар үлестіреді. Бұл дәстүр биыл да жалғасын тауып отыр. Сондай-ақ, біз киіз басу технологиясы бойынша шеберлік сағаттарын өткіземіз. Мұнда қазақтың ежелден келе жатқан өнері – текемет басуды үйретеді. Қостанайлық балғындар үшін өнерпаздар концерттік бағдарламасын ұсынады, – деді Гүлнар Ершіманова.Қордың жеке тапсырысы бойынша тігілген, қажетті құрал-жабдықтарға толтырылған 750 сөмке Жітіқара мен Лисаковқа жөнелтіледі. Тағы 250 сөмке – Қостанай қаласы оқушыларынікі.Бүгінгі қайырымдылық шараға ата-аналар да риза болысты.
– Менің 4 ұлым бар. Ал бүгінгі шараға қуанышым шексіз. Өйткені, мектепте үш балам оқиды. Үшеуін мектепке дайындау оңай емес. Бізге ауыр тиіп жатыр. Қазір бір баланы киіндірудің өзі машақат. Оны киіндіруге, мектепке қажетті керек-жарақтарын алып беруге кем дегенде 50 мың теңге кетеді. Ал мына қажетті заттармен толтырылған сөмкенің өзі бала үшін ерекше қуаныш қой! Кеше естіп, біз де қуандық. Бүгін ерте тұрып, балам мені асықтырып, алып келді. Ұйымдастырушыларға, қор мамандарына рахмет!- деді қала тұрғыны Әсия Арғынбаева.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суретті түсірген Айбек Жүзбай