БАСЫҢНАН БОСТАНДЫҒЫҢ КЕТПЕСІН
Адамның жауы – адам
Кез келген мемлекеттің ең басты капиталы – адам. Адам құқықтарының қорғалуы, бостандығы мен өзге де факторларының сақталуы – мемлекеттің қаншалықты өркениетті екенін білдіреді. Жұмыр жер бетіндегі әрбір ел ең басты құндылығы, яғни азаматтарын қорғауға мүдделі, әрі міндетті. Осы мақсатта ауыз толтырып айтарлықтай істердің тындырылып жатқаны әмбеге аян. Өкінішке қарай, адамзатқа қауіп табиғи сипаттан гөрі, адамның өзінен жиі төнетін болған. Яғни, атыс-шабыс, соғыс, техногендік апаттар мен жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендердің саны табиғи құбылыстардың құрбанына айналғандардан әлде-қайда басым. Адамзаттың өз-өзіне жасаған қиянаттарының қатарына адам саудасын да жатқызуға болады. Ықылым заманнан бері жалғасып келе жатқан қылмыстың бұл түрі ХХІ ғасырда да өршіп тұр.
Сандар сөйлесе…
Дүниежүзі бойынша адамдарды өз еркінен тыс құлдыққа салушыларға қарсы заңнамалар қатаңдатылып, түрлі конвенциялар күшіне енді. Бірақ адам еңбегін қанау тыйылмақ түгілі, жыл санап өсіп барады. БҰҰ ресми сайтындағы ақпаратына жүгінсек, табыстылық жағынан алып қарағанда, адам саудасы әлемде қару мен есірткі саудасынан кейін үшінші орында тұр. Халықаралық еңбек ұйымының статистикасы бойынша әлемде 21 млн адам құлдықта күн кешіп жүр екен. Әлемде жыл сайын 800 мың адам саудаға салынып, одан түсетін табыс 150 миллион АҚШ долларынан асып жығылатын көрінеді.
Халықаралық ұйымдар келтірген мәліметтерге жүгінер болсақ, әлемде 4 миллионға жуық адам құлдықта жүр. Алдап-арбау жолымен өз Отанынан сырт мемлекеттерге әкетіліп, тегін жұмыс күші ретінде немесе жезөкшелікпен айналысуға итермелеу жағдайларын қазіргі заманның құлдығы десек қателеспейміз.
Өкініштісі, жер бетіндегі мемлекеттердің дені ХХІ ғасырдың құлдығына қарсы тұра алмауда. Мұның көрінісін адам саудасының сырт көзге байқалмайтындай етіліп ұйымдастырылуынан-ақ аңғарасыз. (Мысалы, жоғары жалақылы жұмысқа орналастырамыз деген желеумен, шет елдерде қаншама қыз жезөкшелікпен айналысып жүр. Ырқынан тыс қара жұмысқа салынып жүргендері қаншама). Қылмыстың осы түрімен айналысатындардың дені ресми агенттіктер немесе бюро есебінде жұмыс атқарады. Құлдықтан қашып келгендер нұсқап, қылмыс үстінде ұсталмаса, мұндай ұйымдардың арам пиғылын анықтау мүмкін емес. Мамандардың пікірінше, адамзаттың бір-біріне деген немқұрайлылығы қылмыстың осы түрінің өркен жаюына септігін тигізіп отыр.
Құлдықтың қазіргі сипаты
БҰҰ келтірген мәліметке сүйенер болсақ, адам саудасы тоғыз топқа бөлінеді екен. Атап айтқанда, жыныстық қанау мақсатында жасалатын әйелдер мен балалар саудасы; еңбекте қанау, құқыққа немесе қоғамға қарсы іс-әрекеттерге тарту; сурогаттық ана болуға мәжбүрлеу үшін жас әйелдерді, қыздарды сату; мәжбүрлі қайыршылыққа тарту; қарулы қақтығыстарға пайдалану; дене мүшелері мен тәнін трансплантациялау; заңсыз бала асырау арқылы кәмелетке толмағандарды сату; бала туу мүмкіндігін қанау; жұмыс пен қызмет жасауға мәжбүрлеу мақсатымен некеге тұру, оның ішінде «пошта арқылы қалыңдық іздеу» жүйесін ұйымдастыру және неке агенттіктерін пайдалану арқылы адам саудасын жүзеге асыру.
Көп жағдайда құлдыққа тап болғандар құрылыс, ауыл шаруашылығында, төмен білікті өндіріс, қоғамдық қызмет көрсету салаларында, үй күтушісі, көңіл-көтеру индустриясы және секс-қызмет көрсетуге тартылып жатады. Әттеген-айы, беделді ұйым атап өткен жайттардың дені қазақ еліне таңсық емес. Тәнін саудалағандарды былай қойғанда, баласын сатып, бас пайдаға кенелгісі келгендер де, соғыстан пайда табуды көздегендер де біздің ортамызда. Құзырлы органдар ондайларды анықтап, жауапқа тартып жатыр. Нәтижесі жаман емес.
Салдарын жойғанша, алдын ал
Қылмыстың салдарын жойғанша, алдын алғанды жөн көрген қостанайлық тәртіп сақшылары ел арасында түсіндіру жұмыстарын жандандырып, тұрғындардың бір-біріне деген қамқорлығын оятуды қолға алған. Мәселен, Адам саудасына қарсы дүниежүзілік күрес күні қарсаңында Қостанай облыстық Ішкі істер департаменті арнайы акция ұйымдастырды. Миграция жөніндегі халықаралық ұйым мүшелерімен бірлескен тәртіп сақшылары қостанайлықтарға қылмыстық топтың құрығына қалай түспеу керектігін, тұрғындардың заңды құқықтары туралы түсінік беріп, осы бағыттағы үнпарақтарын таратты.
-Айтулы акцияны ұйымдастырудағы басты мақсатымыз қазақстандықтарды адам саудасына қарсы тұруға баулу болып табылады. Қылмыстық топтың кесірінен бас бостандығынан айрылған адамдарға қол ұшын беру әрбіріміздің азаматтық парызымыз болуы тиіс. Тәртіп сақшыларының күшімен осы бағыттағы түсіндіру жұмыстары тұрғындар арасында жиі жүргізіліп тұрады, – дейді ҚО ІІД Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкері Әлібек Сақов.
Акция барысында тәртіп сақшылары тұрғындарға адам саудасының құрбаны немесе қылмыстың куәсі болған жағдайда бірден полицияға хабарласу керектігін ескертті. Қылмыстың осы түрінің алдын алуға тырысқандар облыс орталығындағы мектеп оқушылары мен орта және жоғары оқу орындарының студенттерімен жұмысты күшейтуді жоспарлап отыр. Себебі, жеткіншектер арасында да тағдыр тәлкегіне ұшырағандар жиі кездесетін көрінеді. Жасөспірімдерді заңсыз әрекеттен сақтауды жөн көрген ювеналды полиция білім саласы өкілдерімен бірлесіп, жеткіншектер арасында жұмыс жүргізуді жоспарлаған. Алдын алу шаралары алдағы айда күшейтілуі тиіс.
Біз не істей аламыз?
Адам туғаннан бастап белгілі бір құқықтар мен бостандыққа ие. Адам саудасы азаматтардың бостандығынан бастап, өзге де заңды құқыларына нұқсан келтіретіні мәлім. Қазақстан Республикасында бұған қатаң тиым салынып, заңмен қудаланатынына қарамастан, мұндай қылмыстар мейлінше көп, кеңінен етек алған, қоғамды жегі құрттай жеп барады! Ендеше, мұндай қылмыстармен тек құзырлы органдар ғана емес, бүкіл қоғам болып күресуіміз керек.
Жұматай Кәкімжанов