Спартакиадаға сақадай сай
Рудныйдағы «Горняк» жастар спорт кешеніндегі ауқымды жөндеу жұмыстары аяқталды. Бүгінде мердігер компания ғимараттың қасбетін әрлеп, жаңа маңдайшаны орнатып жатыр. Айта кетейік, Еуразиялық Топ пен Қостанай облысы әкімдігі арасындағы Меморандум бойынша бұл мақсатқа «ССКӨБ» АҚ 42 миллион теңге бөлген болатын. Бұл қаражатқа ұзындығы 2 шақырым жүгіру жолы сапалы тартанмен ауыстырылып, баскетбол, волейбол алаңдары мен трибуналардағы барлық орындықтар, факел құрылғысы жаңартылды.
Стадионмен қатар спорт кешенінің ғимаратында да игі өзгерістер орын алды. Атап айтсақ, киім ауыстыратын бөлмелер, гардероб, ресепшн, тағысын тағылар. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қосымша бейнекамералар да орнатылды.
– Ғимарат адам танымастай өзгерді. Басты мақсат оған ERG-дың корпоративтік түстерін қолдану болатын. Сонымен қатар біз «Горняк» деген жазуы бар маңдайшаны ауыстырып, оған фоторелье орнаттық. Яғни қараңғы болысымен, жазба автоматты түрде жанады. Қазірдің өзінде келушілер жаңарған спорт кешеніне жақсы бағасын беріп жатыр. Бұл – біздің мақсатымыздың орындалғаны, – дейді жастар спорт кешенінің жаңадан тағайындалған директоры Эдгар Акопян.
Еске сала кетейік, тамыз айында бұл жерде елеулі спорт оқиғаларының бірі – дәстүрлі облыстық «Тың-Целина – 2017» спартакиадасы өтеді. Эдгар Шотаұлы облыстың барлық аудан-қалаларынан келетін 3000-нан астам қонақ қала күнімен бірге тойланатын спорт мерекесінен тек қана жағымды әсер алатындығына сенімді.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ