Үздік тауар иелері анықталды

Қостанайда «Қазақстанның үздік тауары-2017» өңірлік көрме-байқауының қорытындысы жарияланды. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы бұл байқауды осымен үшінші рет ұйымдастырып отыр. Ондағы мақсат – отандық тауарлардың сапасын арттырып, бәсекеге қабілетті ете түсу.
Маңызды іс-шара шеңберінде сити-орталықта облыс тауар өндірушілерінің көрмесі ұйымдастырылды. Өңір өндірісін өрге сүйреп жүрген кәсіпорындар өз өнімдерін әкеп қойды. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов көрме жұмыстарына жоғары баға берді.IMG_9847
«Валеев С.Р» шаруа қожалығы отыз жылдан бері аяқ киім тігу және өңдеумен айналысады. Қожалық басшысының айтуынша, олар «сапа+баға» стандарты бойынша жұмыс істеп келеді. Айтпақшы, биылдан бастап былғарыдан ғана аяқ киім тікпек.IMG_9888Облыста қалдықтарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеуді жүзеге асыратын 14 кәсіпорын қызмет етеді. Солардың бірі – «S.M.F.-System» ЖШС. 2010 жылы құрылған шаруашылық бұл байқауға былтыр да қатысып, екінші орын алған-тын. Серіктестік өкілі Жандос Жақсыбаевтың айтуынша, пластик қалдықтарын жинап, оны өңдеу бір күндік жұмыс емес.
– Біз синтепон, холофайбер, геокомпозит сияқты өндіріс материалдарын өндеп шығарамыз. Ол үшін алдымен пластикалық қалдықтарды жинап, сұрыптау қажет. Керегін өңдеп, фабрикаларға жөнелтеміз. Бір метр материалды өңдеу бірнеше сағат уақытты алады, – деді ол.
Биылғы көрме-байқауға 25 өтініш түскен, – деді Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасы бөлімінің бастығы Роберт Юсупов. – Отандық өнімдердің сапасын көтеруге аса мән беріп отырмыз. Сапа болған жерде сұраныс та жоғары. Өңірлік кезеңге өтудің өзі белгілі бір сапаға қол жеткізгендік. Облыстан озық шыққан өнімдерді республикалық көрмеге апарамыз. Сондықтан, комиссия мүшелері әр кәсіпорынның жұмысын мұқият тексерді.
Сонымен, Қостанайдағы үздік тауарлар анықталды. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымында «S.M.F.-System» ЖШС жеңіске жетті. «Үздік азық-түлік тауарлары» және «Халыққа арналған үздік тауарлар» аталымдарында тиісінше «Аква-Арасан» ЖШС, «Тобольское-1» шаруашылықтарының өнімдері үздік деп танылды. IMG_9959 Алғашқы үштікке еніп, бәсекеде басым шыққан тоғыз кәсіпорын енді Астанада өтетін республикалық байқауға қатыспақ.
 
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суреттерді түсрген Бағдат Ахметбеков

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓