«Сәт-сапар» деп қол бұлғаймыз бәріміз…
Бүгінде еліміздің барлық соның ішінде біздің облысымыздың мектептерінде де оқу жылының аяқталғанына байланысты «Қош бол, соңғы қоңырау!» атты салтанатты іс-шарасы өтті. Сондай салтанат Қостанай қаласындағы №10 қазақ орта мектебінде болды. Мектеп жаны жүздері қуанышқа толы ұстаздарға, ата-аналарға, мектеп бітіруші түлектер мен оқушыларға толы. Айналада әсем музыка қалықтап тұрды.
-Биылғы бітіретін түлектер сыныбы сондай ұйымшыл, талапты, білімді оқушылар. Себебі сыныптағы жиырма алты оқушының 50 пайызынан астамы үлгілі оқушылар. Қай-қайсысы болмасын, қалалық, облыстық білім байқауларының, сайыстарының жүлдегерлері, республикалық ғылыми-жобалардың жеңімпаздары сол секілді спорт, мәдениет фестивальдерінің, пікір-сайыс турнирлерінде өздерінің білімдерін, таланттарын көрсете білген оқушылар. Осындай оқушы бала тәрбиелеген ата-аналарға да, біз берген білімді бойларына сіңіре білген оқушыларға да рахмет айтқым келеді. Алда қорытынды аттестаттау емтиханы мен ҰБТ. Ол сынақтарды да жақсы тапсырады деп ойлаймын. Өмірдің үлкен жолында сүрінбей, өздерінің діттеген армандарына жетсін деп «Сәт-сапар» тілеймін,-деді сынып жетекшісі Рыскүл Айтқожиева.
Соңғы қоңырау салтанатында сөз сөйлеген Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Н.Қоңқабаев қала әкімі Б. Жақыповтың құттықтауын жеткізіп, жылы лебізін білдірді. Содан кейін мектеп директоры Р. Раисов, ата-аналар атынан Еркін Әбіл сөйледі.
-Алтын ұя мектебімізді осыдан он жыл бұрын Елбасымыз Н. Назарбаев ашқан еді. Мектебіміз жаңа талапқа сай, әсем. Ұстаздарымыз да білікті. Сыныбымыз сондай ұйымшыл, білімпаз оқушылар жиналғандай. Барлығымыз да мектепішілік қоғамдық жұмыстарға, білім сайыстарына, олимпиадаларға белсенді түрде қатыстық, жүлдегер атандық. Математикадан берген Назгүл апайға, тарих пәнінен сабақ берген Ерсін ағай мен Айжан апайға сол секілді сынып жетекшіміз Рыскүл апайға көп-көп рахмет. Алғысымыз шексіз. Сынып жетекшіміз бізге ағылшын тілінен сабақ берді. Апай ыстығымызға күйді, суығымызға тоңды. Мектеп мұғалімдерінің қай-қайсысының болмасын еңбектері өлшеусіз,-деді мектеп бітіруші түлек Гүлім Әлімжан.
Салтанат барысында мектеп түлектерін бірінші сыныптың оқушылары құттықтап, тілектерін айтты, сыйлықтарын сыйлады. Содан кейін он бір жыл бойы білім алып, енді алтын ұя мектептерінен түлеп ұшқалы тұрған түлектер де сөз сөйлеп, рахметтерін жеткізді, ұстаздарына шоқ гүлдерін сыйлады. Салтанат әдеттегідей мектеп вальсімен, әсем әнмен аяқталды.
Гүлназым САҒИТОВА
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ