Алимент төлемесең, мүлкіңнен айырыласың!

 Облыстық прокуратура қызметкерлері алимент төлеуден жалтарғандарға қатысты шараны күшейтті. Құзырлы мекеме ішкі істер органдары және сот орындаушыларымен бірігіп, борышкерлердің мүлкін тәркілеу бойынша жұмысты бастады. Оған отбасы, бала-шағасының алдында ата-аналардың жауапкершілік артуға құлықсыздығы себеп болып отыр дейді прокурорлар.

рейдОтбасыны, кәмелетке толмағандарды қорғау, олардың заңды құқықтары мен мүдделеріне болысу – мемлекет қызметінің басты бағыттарының бірі болып табылады. Кей балалардың тек алименттік төлемдерге ғана күні қарап отырғаны жасырын емес. Сол себепті бұл түйткілге мемлекет тарапынан зор назар аударылып отыр. Соның бір көрінісі – өткен жылдың 2-ші жартыжылдығынан бастап, еліміздің прокуратура органдары «Алимент. Төлемеуге қарсы 30 қадам» жобасын жүзеге асыра бастады. Жергілікті өкілетті және мүдделі органдармен бірлесіп жұмыс атқарғанның нәтижесі де жоқ емес. Бұл жерде мәселе алимент төлеушілердің берешегін өндіріп алу ғана емес, оларды жұмысқа орналастырып, алдағы уақыт сол қарызын қайтара алатындай жағдайға жеткізу. Тек биылғы жылдың 4 айында 48 борышкер жұмысқа орналастырылған, 116 борышкер жұмыссыз ретінде тіркелді, олардың 68-іне жұмыс орындары ұсынылған екен, бірақ олар мұндай ұсыныстан бас тартқан.рейд 2– Біз өз еркімен берешегінен құтылуға ұмтылатын борышкерлерге көмек көрсетуге әзірміз. Ең бастысы, олардың өз балалары алдындағы борышын орындауға деген ниет болу керек. Ал қасақана төлемеушілерге қатысты қатал шаралар қолданылады. Біздің басты мақсатымыз – балалардың өздеріне тиесілі қаражатпен қамтамасыз ету, – деді Қостанай облысы прокурорының аға көмекшісі Е.Қожагелдин.

Прокурорлардың айтуынша, 28 адамға қатысты ҚР ҚК 139 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. 2 борышкердің ісі сотқа жіберілді. Қалғандары бойынша қылмыстық істерді ішкі істер органдары тергеп жатыр.
Заңға сәйкес, алимент төлемдері бойынша үш және одан көп ай бойы берешек жиналса, қарыз борышкердің мүлкі арқылы өндіріліп алынады. Рейд барысында қасақана алимент төлемеушілердің автокөліктері анықталып, олар берешекті өтеу үшін тәркіленді. Сонымен қатар, борышкерлер шекарадан асу құқынан айырылады. Халыққа қызмет көрсету орталықтары оларға қызмет көрсетуден бас тартады. Мәселен, борышкер мекен-жай анықтамасын, тіркелген мүлік туралы анықтаманы ала алмайды.
 
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓