Компанияның ұйымшылдығы баршаға үлгі!

Биылғы көктемдегі қарғын су Тобыл жұртшылығына айтарлықтай салмақ салды. Бірнеше ауыл мен жолдарды басқан су деңгейі қазір қайтып, ел енді есін жиып жатыр. Тасқыннан Қарасу ауданының тұрғындары да зардап шегіп отыр. Айтып келмейтін табиғи апат осы өңірдегі «Қазақтелеком» компаниясының желілік-техникалық цех қызметкерлері Арман Өтешев, Игорь Рубель және Денис Кобзарьдің шаңырақтарын айналып өтпеді. Баспаналарын қызыл су шайған азаматтарға қол ұшын созу бастамасы көтеріліп, оған облыстық телекоммуникация дирекциясының ұжымы мен кәсіподақ ұйымы бірден қолдау көрсетті.DSC_1214
Қостанай ОТД Бас директоры Қажымұрат Темірханов бастаған әріптестер зардап шеккен отбасылардың баспаналарын қалпына келтіру мақсатында аз уақыт ішінде қаржы жинап, барлық қажетті құрылыс материалдары сатып алынды. Бас директор өзі бастап, жұттан зардап шеккен әріптестерінің жағдайын біліп қайту үшін Қарасу ауылына барғанын айта кету керек.
– Әріптестеріміз мұндай қиын жағдайға тап болған кезде, қол қусырып отыру – азаматтығымызға сын. «Қазақтелеком» компаниясының қызметкерлері бұл жолы да өздерінің ұйымшыл, бауырмал екендерін тағы бір дәлелдеді. Тығырыққа тірелген әріптестерімізге демеу болып, көмек ұшын созуды жөн көрдік, – деді Қажымұрат Темірханов зардап шеккендермен болған кездесуде.DSC_1243
Қарасу аудандық желілік-техникалық цехының электр монтеры Арман Өтешев «Қазақтелеком» компаниясында ширек ғасырға жуық жұмыс істеп келеді. Екі баласы бар. Кенжесі 6 айлық. Апат күні қас қағым сәтте үйі мен қорасын су басып кеткен. Әйтеуір балаларын ата-анасының үйіне апарып үлгеріп, қорадағы малын аман алып қалыпты. Қазір ол жұмыстан кейінгі уақытын су басқан баспанасын қалпына келтіруге жұмсайды. Әйтеуір бас аман болғанына шүкіршілік етеді. Бір медеу болғаны, жөндеу жұмысын жүргізуге қажетті құрылыс материалдары жеткілікті.
– Апат болған күні өз қайғымызбен өзіміз қалып қойғандай болдық. Ертеңге деген сеніміміз өшті. Ұжымым көмек көрсетеміз дегенді естігенімізде, қуанышымызда шек болған жоқ. Барша әріптестеріме отбасымыздың ауыртпалығын бөлісіп, қолдау көрсеткендері үшін шексіз алғысымды білдіремін, – дейді Арман Өтешев.
Су тасқынынан кейін электр монтеры Денис Кобзарьдің баспанасы мүлдем жарамсыз болып қалды. Енді бұл отбасыға үй сатып алуға қаржылай көмек көрсетіліп отыр.DSC_1148
– Қызыл судан әбден дағдарып қалдық. Мұндай апатты енді басымызға бермесін. Ең бастысы бәріміз дін аманбыз. Біздің басымыздағы ауыр жағдайға ортақтасқан компания қызметкерлеріне алғыстан басқа айтарым жоқ, – деді қуанышымен бөліскен электр монтердың жұбайы Светлана Кобзарь.
 
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓