Ұлттық өнерді насихаттаушы

Мемлекет нығайған сайын өз өнімі алдыңғы сапқа шығуы тиіс. Соңғы жылдары ұлттық нақыштағы дүниелеріміз сұранысқа ие. Қазақ қолөнерінің сән әлемінен өзіндік орын алуы жастардың оған деген қызығушылығын арттыра түсті. Ал, сұранысы жоғары дүние қашанда өтімді. Осы бағытта жұмыстеп келе жатқан орталық аз уақыт ішінде тұрақты тұтынушысын жинап үлгерген. Бұл орында қолөнер шеберлерінің туындылары мен ағаштан жасалған ыдыстар, зергерлік бұйымдар мен көрнекіліктер  қойылған.
Игілікті іске бастамашы болған – Сағидолла Келімбетов есімді кәсіпкер.IMG_7976
– Бүгінде республика нарығының басым бөлігін батыстың брендтері, танымал компаниялар мен фирмалардың өнімдері қамтиды. Міне, осы үрдісті біртіндеп шегіндіру үшін өзіміздің дарынды қолөнер шеберлерінің жұмыстарын насихаттауды мақсат еттім. Әрине, әркімнің өз тұтынушысы бар. Ұлттық нақыштағы дүниелерді қазіргі жас ұрпақ білсін деген ниетпен, халқымыздың осы бір асыл өнерін дамыту мақсатында қаладан арнайы орталық ашуды қолға алдым. 20-30 жылдан бері осы салада жүрмін. Қолы қалт еткенде ағаш кесіп, тіліп, жонып, күйдіріп, небір бұйымдар жасағанды ұнатамын. Бет алысымыз жаман емес, – деп ойлаймын деді Сағидолла Садуақасұлы бізбен әңгімесінде.IMG_7968Балаларының ұлттық тәрбие алуына мүдделі жандарды мұнда көп нәрсе қызықтыратыны анық. Мысалы, ойыншықтар. Оюмен қапталған әсем қуыршақтар, ұлт аспаптарының шағын нұсқалары, көлемі алақандай киіз үйлер, тағы басқа шебер әспеттелген ойыншықтар көздің жауын алады. Ұлт аспаптары демекші, домбыралардың да бірнеше түрі ілулі. Сағидолла Садуақасұлының айтуынша, түрлі әшекейлер Алматыдан, тіпті, Моңғолиядан да әкелінеді. Өрнектеліп тігілген желетке, сөмке, әмиян, қонақтарға арналған түрлі кәде сыйларды, ағаш ыдысты да осы орталықтан таба аласыз.
Маталы бұйымдар да аз емес. Орамал, көрпе, тоқыма бұйымдар оюмен өрнектелген. Сатушылардың айтуынша, тойға арналған заттар көбірек өтімді.
Жұртшылық шапандар мен сөмкелерге, оюлы сандық пен ағаш төсекке таңдай қағысатын көрінеді.
Жалпы, сұрыпталып әкелінген, сапалы өнімдердің әрдайым тұтынушысын табарына бек сендік.
 
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суретті түсірген Айбек Жүзбай.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓