Мылқау сезім

– Сәлем!
– "Жаным менің… Жаныыым! Жақтырсаң да, жақтырмасаң да, жүрегімде тұншығып жүрген дәл осы сөзді бұдан артық жасыра алмаймын. Сені дауыстап тұрып осы сөзіммен "аймалау" үшін бүгін бойыма қаншама батылдық жинап келгенімді білсең ғой. Енді ол да маңызды емес… Енді ештеңе демей тұра тұршы… Болса да "бастан қан шықты" – сан айлар бойы санамды сарсылтып біткен, тіл ұшына дейін келіп, тісімді бұза алмай кері кететін сөздерді… сезімімді ақтарайыншы, а? Мен… мен саған ғашықпын, шынымен ға-шық-пын! Ит жегір именшектікпен соның ишарасын білдірудің жолын таппай келдім. Бар білгенім – құр елесіңді қармау, пайдасы жоқ ойлау, қысыр қиялдар… "Сені ойлаумен күрсінген әр сәтімде – сенсіз өткен мың түн бар сығымдалған". Білесің бе, мені саған ғашық еткен – күлкің. Күлкің бар ғой – гүлдің ашылуының жылдамдатылған көрінісі сияқты. Мені саған ғашық еткен – көздерің. Әрі түнек, әрі нұр іспетті көздерің бар ғой – мәңгі көктемнің мекені сынды. Мені саған ғашық еткен – қылығың. Қылығың бар ғой – жүректің түбін қытықтап, ынтызарлығымды оятатын ғажайып. Мені саған ғашық еткен… тұтас сенсің!
Сүйкімдішем, сенен сұрарым – маған шамалы ғана уақытыңды бөле аласың ба? Аса көп емес… Жолың бөгеліп, мақсатың күтіп қалсын, жұрт іздей тұрсын, ештеңе етпейді. Саған қысқа, нұсқа, мағыналы бір әңгіме айтып бергім келеді. Рұқсатыңмен ғана, әрине …Қалай басталуы керек еді? Жо-жоқ, мазмұны көкейімде сайрап тұр. Құрастырып жіберу керек аздап. Шын айтам, қызықты. Маған ұнайды. Саған да ұнайды-ау деген үмітпен ұнатам. Бұл әңгіменің, шындығында, ең бастысы, екеумізге қатысы болады. Қарсы болмасаң, қазір-ақ бастай берейін. Сен, бар болғаны, маған азғантай ғана уақытыңды бөлші, қишы. Кем дегенде, 40-50 жылдай уақытыңды… "Былайынан" жетеді! Айтып үлгерем! Зеріктірмеуге уәде берем! Өйткені…"
– Е-ей? Не ойлап кеттің?!
– А-а… с-сәлем! Ештеңе… Қалың қалай?..
 
ЖБ

You may also like...

1 Response

  1. Қолқоюсыз айтты:

    Керемет!!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓