Өңірімізді көркейтуге ниетті
Облысымыздың әлеуметтік-экономикалық саласын әрі қарай дамыту үшін елімізден бөлек, халықаралық қаржы ұйымдарының инвестиция тартуы өте маңызды. Бұл бағытта әріптестік арқылы бірқатар тиімді жобалар жүзеге асырылмақ. Аймақ басшылығының арнайы шақыруымен облысымызға Азия даму банкі, Дүниежүзілік банк, Еуропалық қайта құру және даму банкі, БҰҰ және Қазақстанның инвестициялық қорының өкілдері келіп отыр. Олар энергетика, шағын және орта кәсіпкерлік, жасыл технология, білім, денсаулық сақтау, ауыз сумен қамтамасыз ету, қаржы және басқа да секторларды инвестициялау, несиелеуді қолға алады.Қазақстанмен тығыз әріптестік орнатқан халықаралық қаржы ұйымының бірі – Азия даму банкі. Еліміз аталған банкке мүше болған 23 жылда 5 млрд. АҚШ долларының қаржыландыруы жүргізілді. Бұл көрсеткіш былтырдың өзінде 200 млн. Долларды құраса, биыл олар несиелеуді 40% арттыруды көздеп отыр. Бұл туралы Азия даму банкінің Қазақстандағы тұрақты өкілдігінің директоры Джованни Капанелли баяндады:
– Қазақстан Үкіметі бизнес өкілдері үшін зор мүмкіндік жасаған. Оған біз де өз тарапымыздан бірқатар үлесімізді қосып келеміз. Қазіргі уақытта 2017-2021 жылдарға арналған жаңа стратегиямыз бар. Онда шағын және орта бизнес, көлік, энергетика салаларын қаржыландырумен қатар, әлеуметтік сала жағына да көңіл бөліп отырмыз. Алдағы уақыт Қостанай облысын ауыз сумен қамту науқанына да инвестиция тартуға ниеттеніп отырмыз. Мәселен, Назарбаев университеті бүгінгі таңда кәсіпкерлікті дамыту мамандығы бойынша мамандар даярлап жатыр. Енді осы арқылы сіздердің облыстарыңызбен де байланысымызды нығайтамыз деген ойдамын.
Қаржы ұйымының өкілінің сөзінше, егер аталған науқан сәтті жүзеге асырылатын болса, Қостанай облысының бірқатар салаларының тамырына қан жүгірмек. Әсіресе, тау-кен және минералды шикізат өнімдерін алу, жаздық бидай мен сүт өндіру, автокөлік құрастыру, машина жасау, қайта өңдеу, электр энергиясы, газ, ауа тазарту, кәріз жүйесін қолға алу, тұрмыстық қалдықтарды жоюдағы бірқатар мәселелер шешімін табар еді. Муниципалдық сервис, қала инфрақұрылымы, көлік және логистика да басты назарда болмақ.
Алдағы наурыз айының 1-2 күндері Астанада Қазақстан қалаларын ауыз сумен қамту және су бұру мәселесіне қатысты бірлескен семинар өтеді. Азия даму банкінің өкілі өңіріміздің атқамінерлері мен кәсіпкерлерін аталған кеңеске қатысуға шақырды.
Аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов мәртебелі мейманға шақыруын қабыл алып, өңірімізде бірқатар жобалардың жүзеге асырылуына атсалысқалы отырған ниеті үшін алғысын жеткізе отырып, әрі қарай әріптестігіміз нығая береді деп сенім білдірді. Жиын барысында А.Мұхамбетов пен Дж. Капанелли жоғарыда аталған түрлі салаларды қаржыландыру, инвестициялау жөніндегі меморандумға қол қойды.
Қыдырбек Қиысханұлы
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков.