Нұрқанат Құлабаев – “Мұқағалиға”

ҚұлабаевНұрқанат Құлабаев – ақын, "Қазақстан-Қостанай" облыстық телеарнасының аға редакторы. "Тәңір түсі" жыр жинағының авторы. Бүгін ақынның "Мұқағалиға" атты өлеңін қазақ поэзиясы мұзбалағының туған күні қарсаңында назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

 

Мұқағалиға

Жырынан дауыл тұратын,
Ассалаумағалейкум, Ұлы ақын!
Табынып тауға жатсың ба,
Тұлғасы таудай қуатым?!
 
Түлеген таудан текті ұлдың,
Сәлемін алып кеп тұрмын.
Жанымды жырдың жасыны
жаралап кеткен жеткінмін!
 
Тірілер үшін саналы,
Бұл жақта жағдай шамалы.
Тұмар боп таудың самалы,
Ғұмырым зулап барады.
 
Сұлудың иіскеп тұлымын,
Тарқатып көрдім бұрымын.
Шалқарым асып кемерден, 
Шараптың шайқы шырынын
татып та көрдім, дегенмен,
Бәрібір, Мұқа, Сіздей боп,
Жаза алмай жүрмін өлең мен…
 
Сіз жайлы елдің кешегі,
Сап болды сыпсың өсегі.
Жырыңа қанық қалың жұрт 
Ұлы ақын екен деседі.
 
Сәруар жырдың сапары
қысқа болғаны қапалы.
…Таулары биік ауылдың
Күні де ерте батады.
 
Мұнартқан Хан Тәңірі –
Секілді ақын тағдыры.
Қалың ел барда сөнбейді
Қарақат жырдың жарығы!

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓