Қаршадай қызын ұрғаны үшін…
Таран ауданында тұратын кәмелетке толмаған балалардың әкесі қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ол өзінің кішкентай қызына күш жұмсаған.
Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты тасжүрек азаматты әкелік құқығынан айыруға қатысты істі қарады. Арызды білім бөлімінің қызметкерлері берген.
"9 жасар қыз Жітіқарадағы балалар мен жасөспірімдер үйіне орналастырылды. Оны мамандар тексерістен өткізіп, басының қасқаланғанына көз жеткізген. Баланың айтуынша, оның шашын әкесі жұлған. Әкесінің ұратынын айтып шағымданған қыздың жанайқайын алғаш құлақ түрген куәгерден де жауап алынды. Куә қаршадай қыздың денесіндегі соққыдан көгерген жерлерді өз көзімен көрген. Мұның сыртында, зәбір көруші қыздың туған апасы да бұл жағдайды растап отыр", – деді Қостанай прокуратурасы бөлімінің аға прокуроры Жанна Ибраева.
Әкені 180 сағат мәжбүрлі жұмысқа тарту түріндегі жаза тағайындалды. Оның үстіне мейірімнен ада әке ата-аналық құқығынан айырылды.