14 көлікті тонаған
Түн мезгілінде Қостанайдағы Уральский көшесін торыған жергілікті тәртіп сақшылары әуелі есігі ашық екі көлікті байқаған.
"Жақындап барып, көлік салонында адамның жоқтығын аңғардық. Бұл ұрылардың ісі екені анық еді. Сол маңайды тергей жүріп, тағы да тоналған бірнеше көлікке ұшырастық. Аңқита ашылған есіктерде пышақтың "көмегімен" түскен іздер бар еді. Кезекті бір жеңіл көлік маңында екі жігіт тұрды. Олар бізді көрісімен қаша жөнелді",- деді полиция капитаны С.Буслаев.
Полицейлер екі күдіктіні алысқа ұзатпай қолға түсірді. Олар, тергеу барысында анықталғандай, 28 және 25 жастағы қостанайлықтар. Ұрылардың олжалап үлгергендері – ұсақ-түйек тиын-тебендер ғана. Аталмыш дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.