Енді «Тобыл» болып аталса екен
Облысымыздың футбол жанкүйерлерін алаңдатып, мазасын қашырған жайт – сүйікті командасы «Тобылдың» жабылып қалуы мүмкін деген әңгіменің тарағаны. Бұл біраз жұртты абыржытып тастағаны рас. Бұған дейін «Тобыл» талай жетістіктерге жетті, талай мәрте сүрінді. Небір сұрмергендер ойнады, ойнап та жүр. Талай бапкердің бірінен соң бірінің ауысқанын да көрдік. Мұндай жағдайлардың қолдаушылардың арқасына аяздай батып, намысын кернегені шындық. Талай мақталумен қатар, талай сыналды да. Бірақ көпшілік аяқ допшыларын қанша жерден «дауға берсе те, жауға бермеді».Дегенмен, жыл айрығындағы өңір спортында болған маңызды жаңалық – «Тобылдың» сатылымға шығуы еді. Бұған дейін клубтың саудаға қойылып жатыр дегенін естідік. Желтоқсанның аяғында «Тобыл» ФК 29 желтоқсан күні жалғыз ниет білдірген үміткерге сатылды. Құны – 24 миллион теңге» делінген команданың ресми сайтының хабарламасында. Және сатылым шарты бойынша қызмет 3 жылға жалғасады екен. Клуб директоры Талғат Баймұратов «Мемлекет тарапындағы «Тобыл» ФК» ЖШС жарты үлесінің сатылымы жүзеге асырылды. Осылайша, клубты жабу туралы әңгіме тоқтатылды. Қалған жәйттер клубтың алдағы тағдырына, ойыншылар құрамына әсер етпейді» деп отыр.
Ал аяқ допшылар ұжымын кім сатып алса да, тек сәттілік дегеннен басқа айтырымыз жоқ. Бұл алушы жақтың бизнесін өрге бастыруына, ойыншылардың жаңаруына, өткір шабуылшылардың, қорғаушылардың орнығуына оң әсер етеріне шүбә болмасы анық. Біз «Тобылды» талай мәрте ел чемпионы атанып, әлемнің үздік командалары қатарынан көрінеді деп сенеміз.
Дегенмен, клубтың атауы елдігімізге сын болатыны анық. Бұрынырықта бұл команда ресми «Тобыл» аталған. Неге екенін қайдам, кейінгі уақытта «Тобол» болып жүр. Ендігі жерде команданы сатып алуға ақшасы жеткен қалталы адам «қайыр қылсаң – бүтін» деген қағиданы ескеріп, «Тобол» атауын «Тобыл» деп ресми өзгертуге қаржысын аямаса деген тілек бар. Және «футбольный клуб» дегеннің қазақ тіліндегі сыңары да қоса аталғаны қажет-ақ.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ