«Екі жеп биге шығамын» деп…
Биылғы жылы өңірде бәсекелестікке қарсы келісімдердің бірнешеуі тіркеліп әрі тергелген. Кешірерсіздер, кейбір «пысық» бизнесмендер (кәсіпкерлер) арнайы келісімдер жасап немесе сөз байласа отырып облыс тұрғындарын өз еркінен айырып, алған тауарына және қызмет түріне артық ақы алған. Егер шынтуайтына келсек, бұл олар үшін кәнігі жағдайға ұқсайды. Негізі, бұл біздің өңірде ғана емес, еліміздегі қалыпты жайт қой.
Облыстық табиғи монополияларды реттеу комитеті мен бәсекелестікті қорғау департаменті басшысы Мәлік Мадияров осы турасында бірнеше фактілерді алға тартты. Оның айтуынша, өз тауарының құнын түсірмеу үшін бірнеше кәсіпкерлер бір-бірімен жымдаса сөз байласып, тұтынушыға артық ақы төлеуге мәжбүр еткен. Мәселен, қиыршық тас шығаратын өңірдегі ірі кәсіпорын бәсекелестікке қарсы деп танылатын өзінің екі әріптесімен құпия сөз байласып, нәтижесінде барлық шығарылған өнім әлгі екі әріптесі арқылы сатылымға түскен. Ал, қалғандары яғни, тауар тұтынушыларға өнім шығаратын кәсіпорынның есігі мүлдем жабылған. Амалы құрыған тұтынушылар қайтерін білмей, тауарды екі есе қымбат бағамен «нәтижесіз делдалдардан» алуға тура келген.
Былай ойлап қарасақ, мұндай жағдайды көптеп кездестіруге болады, әрине. Бірақ бұл барып тұрған «сыпайы» заң бұзушылық емей немене?! Өздерінше мұндай кәсіпорындар тұтынушыны шаң қаптырып кетеміз деуі әбден мүмкін. Бірақ қырағы көз бәсекелестікті қорғау мен табиғи монополист мамандарды алдау көбісіне оңайға соқпасы анық.
Міне, сол тұзаққа түскен тауар өндіруші компания мен сөз байласқан әріптестері «тұтынушыны алдап, үлкен «олжаға» қарық боламыз» деп 79 835 000 теңге көлемдегі әкімшілік айыппұл төлейтін болды. Онымен қоймай, 84 438 000 теңге монополиялық кірісі тәркіленді.
«Екі жеп биге шығамын» деп ойлайтын мұндай «ниетпен» Лисаков қаласының кәсіпорындары да «қатардан қалмапты». Олар «ИЛИН» мен «Гала 2008» сыбайласқан жекеменшік шаруашылық серіктестіктері. Олар қатты-тұрмыстық қалдықты (ҚТҚ) көміп, «пайда табамыз» деген сыңайлы. Бірақ ол ойлары іске аспай қалды. Бұл жағынан да департамент қырағылары жіті байқап, «пайда табушылардың» діттеген мақсатын орындатпай, 8 203 000 теңгеге әкімшілік айып пұлды және 4 913 000 теңге монополиялық кірісін тәркілеп берді.
Нұрболат МЕШІТБАЕВ