Қоғамдық көліктер талапқа сай емес

Бүгінде қала халқының біраз бөлігі қоғамдық көліктердің қызметіне күнделікті жүгінері сөзсіз. Ал, қаладағы  қоғамдық көліктердің жай-күйі қандай, қостанайлықтардың көңілінен шығып отыр ма? Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен кезекті аппарат мәжілісінде Қостанай қаласының әкімі А.Ахметжанов баяндады.
IMG_9495сайт
Бүгінгі таңда қала көлемінде 27 бағытта төрт жүзге жуық қоғамдық көлік тұрғындарға қызмет жасайды. Ал, бұлардың қызметіне "Альтаир", "Жарық жол-1", "Қостанайавтотранс", "Қостанайтаксопарк", "Туристтранссервис", "Фирма "Сапар", "Компания SТА " сияқты жеті мекеме жетекшілік етеді, олармен 2009 жылы бес жылға келісім-шарт жасалған көрінеді. Алайда, аталған келісімнің мерзімі аяқталғандықтан қазір олармен ашық түрде байқау өткізілуде.
Жасыратыны жоқ, қазіргі күні еліміздің әр өңірінде жүгенсіз кеткен әрі тәжірибесі аз автобус жүргізушілерінің кесірінен де қаншама жол-көлік оқиғалары белең алуда. Біздің Қостанай қаласында ондай олқылықтар жиі болмаса да, қоғамдық көліктердің сапасына шағымданушылар саны жетерлік.  Тұрғындардан түсетін осындай арыз- шағымдарға байланысты қалалық әкімдік мамандары да қоғамдық көліктерге рейд жұмыстарын жүргізіп тұруды ұмытқан емес. Мәселен, өткен жылы осы мақсатта 85 рейд жүргізілген. Қоғамдық көліктердің санитарлық жағдайы да назардан тыс қалған емес. Өткен жылы осы жағдайға байланысты 76 бұзушылық анықталып, соның ішінде "Альтаир", "Туристтрансервис", "Фирма "Сапар" кәсіпорындары сынға іліккен.
Дегенмен, жолаушыларға жайлы қызмет көрсету мақсатында тасымалдаушылар мен билік тарапынан да атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Қазіргі күні жоғарыда аты аталған жеті кәсіпорынның төртеуі өздеріне тиесілі қоғамдық көліктердің бәріне GPS навигаторын орнатқан. Бұл бір бағыттағы екі автобустың бір бірімен жарысып, қозғалыс интервалдарын бұзуына, басқа да келеңсіздіктердің алдын алуға көп септігін тигізуде. Қала әкімінің айтуынша, 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін қаладағы барлық автобус парктеріне осы бақылау жүйесі орнатылатын болады.  Сонымен қатар, жол жөндеу, заманауи бағдаршамдармен жабдықтау, жол белгілерін орнату сияқты жұмыстар да атқарылуда. Бүгінге дейін 76 жол белгілері орнатылса, биылдан бастап диодты жарығы бар жол белгілері орнатылатын болады.  Ал, 104 бағдаршамды толық көлемде қалыпқа келтіру үшін 25 млн. теңге бөлінген. Қаладағы автобус аялдамаларын қалыпқа келтіру жұмыстары да тиісінше атқарылуда. Бұған қоса үстіміздегі жылы жолдарды қайта жаңартуға 1 млрд. 373 млн. теңгені игеру қаралған. Алайда, қала әкімі осындай нәтижелі жұмыстар атқарылып жатса да, назар аударарлық екі проблеманы алға тартты. Бірінші мәселе, ол автобустар паркін жаңарту. Бүгінде қаладағы автобустардың  дені ескі, отыз жылдан бері жаңартылмаған. Дегенмен, жолаушылар үшін жағдай жасауға тырысып жатқан мекемелер де жоқ емес. Мәселен, "Қостанайавтотранс" мекемесі жаңадан алты көлік, "Жарық жол" мекемесі екі көлік сатып алған. Ал, "Туристтранссервис" мекемесі қырық автобус сатып алуды жоспарлап отырған көрінеді. Екінші мәселе, қоғамдық көліктерде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де жағдай жасау. Қазіргі күні қала бойынша кембағал жандардың мініп-түсуіне ыңғайлы тек 31 қоғамдық көлік қана жұмыс істейді.
Облыс әкімі Н.Садуақасов тасымалдаушы мекемелердің мұқият қызмет көрсетуі өз алдына, ең бастысы жолаушылардың қауіпсіздігіне басты назар аударуы керектігін ескертті. Сондай-ақ, қоғамдық көліктерде контуктор қызметін де жандандыру қажеттігін  тілге тиек етті.
 
Қарлығаш Оспанова
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓