Елге – абырой, ерге – мерей
ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының басшылығы мен жеке құрамы Рудный қаласына арнайы келіп, мектеп және колледж бітіруші түлектермен кәсіби бағдар жұмысын өткізді.
Қырық бес жылдық тарихы бар Қостанайлық академия – тәртіп сақшыларын даярлайтын еліміздегі іргелі оқу орындарының бірі. Бүгінде мұнда 1000-ға тарта курсант «Педагогика-психология», «Әлеуметтік жұмыс», «Құқық қорғау қызметкері» мамандықтары бойынша білім алып келеді.Кездесуде жастар полиция мамандығының ерекшеліктері мен жеңілдіктері, оқуға түсуге қойылатын басты талаптары жайлы академия мамандарының өз ауызынан естіді. Академия басшысы, з.ғ.к., профессор Мирлан Қызылов жастардың сұрағына жауап бере отырып, спорт шеберлері дене шынықтыру емтиханынан босатылатындығын алға тартты. Сондай-ақ ол курсанттардың шығармашылық қабілеттері мен спорттық шеберлігін шыңдауға академияда барлық жағдай жасалғанын атап өтті.
– Өткен оқу жылында кәсіби бағдар жұмыстары 10 мыңға жуық түлекті қамтыды. Соның нәтижесінде 1500 үміткер оқуға түсуге ниет білдіргенімен денсаулық жағдайлары бойынша 500-і ғана грант тағайындау конкурсына қатыса алды. Сондықтан мен денсаулығында мін жоқ, жан-жақты жастарды академияға оқуға шақырамын. 2017 жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша 250 грант бөлініп отыр, – деді Мирлан Ахмедияұлы.Шара барысында академия курсанттары да сөз алып, курсанттық өмірдің қызықты тұстары жайлы әңгімеледі. Кейін көрермендердің назарына оқу орнының өткені мен бүгінінен сыр шертетін бейнеролик ұсынылды.
«Мен кім болам?», «Мені қандай мамандық күтіп тұр?». Түлектердің көбін осы сұрақтар мазалайтыны анық. Бірақ бүгінгі кездесуден кейін нақты таңдау жасаған жастарды да кезіктірдік. Солардың қатарында спортқа бала кезінен қызығып, тәртіп сақшысы болуды армандаған №15 мектептің түлегі Асхат Сүндетбаев та бар.
– Мен өз болашағымды әскери іспен байланыстырғым келеді. Себебі, кішкене кезімнен әлсіз жандардың жағында болып, олардың сөзін сөйлеп, қамқорлық көрсетуді азаматтық міндетім санаймын. Бір жағынан, полиция – елге – абырой, ерге – мерей сыйлайтын бірден-бір мамандық деп білемін, – дейді ол.
Қостанайлық Академия 2015 жылдан бастап Халықаралық полиция академиясының толыққанды мүшесі. Мұнда озат курсанттардың Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы және Волгоград қалаларында оқуын жалғастыруға мүмкіндіктері бар. Алда келе жатқан ЭКСПО көрмесінде Астанадағы қоғамдық тәртіпті күзетуге қостанайлық курсанттар да қатыстырылатынын айта кеткен жөн.
Мамандық таңдау – адам өміріндегі ең маңызды сәттердің бірі. Сондықтан кез келген қадамға бармас бұрын «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» жөн. Қостанайлық академияға оқуға түсем деушілер қажетті ақпаратты академияның ресми сайтынан немесе тұрғылықты мекенжайы бойынша ішкі істер басқармасының кадрлық бөлімінен ала алады.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ