Есімдері кітапқа енгізілді
Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Қостанай облысының 80 жылдығына араналған Сарыкөл ауданының «Еңбек Даңқы» кітабын табыстау эстафетасы Тәгіл ауылдық округінде жалғасты.
Алдымен, шара барысында қазақ халқының дәстүрі шашу шашылды. Аудан әкімі Эльдар Күзенбаев сөз алып, жүрекжарды лебізін жеткізді.
-Өңірдің ауылдарын аралап келе жатқан бұл кітапқа бүгінде осы ауылдың да тыл еңбеккерлері мен еңбек ардагерлерінің есімі еніп отыр. Баршаңызды осынау қуанышты сәт, тарихи оқиғамен құттықтаймын! – деді ол.
Сондай-ақ, Эльдар Қонысбайұлы аудан және Тәгіл ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан қомақты үлестері үшін бір топ адамға құрмет грамотасы, алғыс хаттар және естелік сыйлықтар табыс етті. Олардың қатарында: еңбек ардагерлері – Кенжебай Сағаров, Геннадий Паркин, Қаду Сақауов, Бүркіт Досмағамбетов, Иван Охрименко, Нинель Рыбина, Иван Катищев, Мәлік Шектібаев, Бадина Баймағамбетова, Михаил Емельянов, Бөрібай Досмағамбетов және шаруа қожалығы бірлестігінің басшысы Баймырза Сатаев пен фельдшерлік-акушерлік пунктің меңгерушісі Рауиза Сейткужиналар болды.
Айтпақшы, өңір басшысы еңбек ардагерлері Кенжебай Сағаров пен Сапар Өтетілеуовтың иықтарына шапан жапса, алғашқы тыңгер, көп балалы ана Нинель Рыбинаға қамзол кигізді.Бұл күнгі жиында бұрынғы совхоз директоры Мінайдар Умаров, «Көтерме-бөлшек сауда» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Айтжан Есенгелдинов және «Ұлттық инновациялық қор» АҚ басқармасының төрағасы Әуелбек Тоқжановтар сөз алды.
Әсіресе, алыстан ат терлетіп келген құрметті қонақ Ә.Тоқжановтың ақтарыла айтқан ақжарма тілегі тәгілдіктерді бір тебірентті. Ол осы ауылдың мектебінен білім алғандығын, соның арқасында шетелдік оқу орындарын бітіргендігін, қазір биік дәрежеге жетіп отырғандығын ортаға салды. Соналы мен Тәгіл орта мектептерінің кітапханасына белгілі жазушы Олжас Сүлейменовтың «Азия» және «Код слова» деген кітаптарын сыйға берді. Аталған еңбектер ағылшын, араб тілдеріне де аударылған.
Шырайлы шараның сәнін аудан мен ауыл өнерпаздары аша түсті. Облыстық филармонияның белді өкілі, бірнеше республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты Арыстан Құрманов құлақ құрышын қандыра ән шырқады. Жүрек қылын қоңыр үнімен шерте білген өнер иесіне тұрғындар тәнті болып, қайта-қайта қол соқты.
Ал, эстафетаның ең қызықты жері – Сарыкөл ауданының «Еңбек Даңқы» кітабын табыстау рәсімі болды. Оны Тәгіл ауылдық округінің әкімі Сағынбай Сүндеталин мен ардагерлер Кеңесінің төрайымы Майра Төлебаевалар Сарыкөл кентінің әкімі Сейтбек Қаппасов пен кенттің ардагерлер Кеңесінің төрағасы Арғынғазы Шәріповке табыстады.
Жалпы, Тәгіл ауылында дүркіреп өткен шараға округтің ауыл шаруашылық өнім өндірушілері демеушілік жасағанын атап өткен жөн.
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.