Жаңа мешіт бой көтереді
Үстіміздегі жылы Әулиекөл кентінде 350 орынға арналған жаңа имандылық үйінің құрылысы қайта жанданды. Елу мыңнан астам тұрғыны бар ауданға заманауи бір мешіттің қажеттілігі әлдеқашан сезілген. Иманға ұйыған ағайын мұны көптен айтып жүрген еді. Міне, сол олқылықтың орны енді толғалы тұр. Аудан әкімі Жансұлтан Тәукеновтің төрағалық етуімен өткен алқалы кеңеске жергілікті ауылшаруашылық тауар өндірушілері, кәсіпкерлер мен аудан ақсақалдары қатысты.
Жиында мешіттің өскелең ұрпақты тәрбиелеуде аса зор маңыздылығы бары баса атап өтілді. Қысқасы, жоба бірауыздан қолдау тапты. Енді игі бастаманы жүзеге асыру мақсатында халықтан қаржы жиналады. Ол үшін «Еуразиялық банктен» тәуелсіз шот ашылды.
Биылғы жаз мезгілінде мердігерлік компаниямен келісім – шарт жасалып, қажетті құрылыс материалдарына тапсырыс берілген. Жоспар бойынша мешіт құрылысы үш жылда аяқталуы тиіс. Мәселен, биыл мешіттің қабырғаларын көтеріп, үстін жабу жоспарланса, келесі жылы күмбезін шатырлау, инженерлік- коммуникациялық жүйе өткізу көзделіп отыр. Ал, 2018 жылыимандылық үйінің ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстары қолға алынады.
Мамандардың айтуынша, құрылыстың жалпы сметалық құны 200 млн теңгеге жуықтайды. Әзірге, мердігерлік компания мешіттің іргетасын бекітіп, жертөле қабатын, бірінші қабаттың қабырғаларын көтеру жұмыстарына кіріскелі отыр. Шарт бойынша құрылысқа қажетті кірпіш, цемент, құм, мешіттің сыртын қаптайтын кірпіш тасымалданды. Құрылысқа 12 адам жұмысқа тартылған.
Айбек КӘДІРҰЛЫ
Әулиекөл ауданы