Бағдарламамен бағы ашылғандар
Ауылдарда шағын және орта кәсіпкерліктің тынысын ашуға «Бизнестің жол картасы-2020» пен «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламалары септесіп жатыр десек артық айтпаспыз. Тың идеяларды қолға аламын, кәсібін кеңейтемін дегендер қос бағдарламаның көмегіне жүгінуде.
Сан алуан жобалар
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы 2010 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт аралығында экономиканың қолдау көрсетілген секторларында оң өзгерістер байқалды. Мемлекет пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялап, екінші деңгейлі банктерді қызықтыра білді. Соның арқасында өнеркәсіп, көлік және байланыс салаларына берілер кредит көлемі ұлғайтылды.
Аймақтық үйлестіру кеңесі бүгінге дейін, бағдарлама жүзеге асқан алты жылдың ішінде Қостанай ауданында жалпы құны 5 млрд теңгені құрайтын 60 жобаны мақұлдаған. «Бизнестің жол картасынан» «дәм татқандардың» дені әлеуметтік, агроөнеркәсіп, азық-түлік өндірісі және құрылыс индустриясы саласындағы жобалар.
Қостанай ауданының кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Татьяна Шабаеваның айтуынша, аталған бағдарлама бойынша қаржыландыру жөнінен біз облыста үздік үштікке еніппіз. Алдымызға Қостанай мен Рудный қалалары шыққан.
Кәсіпкерлік бөлімі қазір мемлекет қолдауынан үмітті көптеген жобаларды пісіріп жатыр. Солардың ішінде Мичурин ауылындағы ойын-сауық кешені жанынан ашылатын «Эко-этно ауыл» бар. Бұл бірінші кезекте демалушылар мен туристерді тартуға арналған жоба. Аты айтып тұрғандай, көрсететін қызметі мен ұсынатын тағамы ұлттық-табиғи сипатта болмақ.
Құны 3,3 млрд теңге деп есеп-телген элеватор құрылысы Молоканов мекенінің (Октябрь ауылдық округі) тірлігіне өң беруі мүмкін. Сондай-ақ, Затобол кентінде полиэфирлі сымдауыш өндірісі жандануы тиіс. Жданов ауылында тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт салу үшін жер телімі қарастырылып жатыр. Осындай-осындай әлеуетті жобалар ел экономикасының екпінін үдетуге үлес қосады деп күтілуде.
2016 жылдың сегіз айында 10 жоба аймақтық үйлестіру кеңесінің батасын алыпты. Олардың жалпы сомасы – 766 млн теңге.
Бағдарламаның шарапатын көргендердің бірі – «Triera KZ» ЖШС. Кәсіп иесі Игорь Пирогтың екі жобасына осы «Бизнестің жол картасы» көмекке келді. Біріншісі – сэндвич-панель өндірісі. Бұндай «жаңалықты» Қостанай өңірінде әлі ешкім аша қойған жоқ, тіпті Қазақстанда сирек кездеседі. Екіншісі – жүк тасуға және өндірістік базаларға арналған фураларды сатылымға шығару. Кәсіпкер әжетхана қағазын шығаратын тағы бір жобаны нарық бәйгесіне қосып көрмек ниетте. Оның құнын 20 млн теңге деп есептеп отыр.
Бағдарламаның төртінші бағытында кәсіпкерлерді ақпараттық қолдау турасында айтылады. «Бизнес-Кеңесші» жобасы шеңберіндегі шараларға Қостанай ауданынан бес жүзге таяу адам қатысқан. Бұдан бөлек, «Даму» қоры мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мамандары елді мекендерді аралап, қарапайым халықпен, бизнесмендермен жүздесіп, толғандырған сұрақтарына жауап беріп жүр.
Шағын несиелер, үлкен мақсаттар
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былтыр үкіметтің кеңейтілген кезекті бір отырысында «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасын тиімді пайдалануды айтқан болатын. Мәселен, 2011-2014 жылдары табысы мардымсыз, жұмыссыз және өзін-өзі еңбекпен қамтыған халық санатынан 462 мың адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Жоспардағы шараларды іске асыру нәтижесінде бес жылда 472 мың адам «қол қолға бір күрек» тапты, оның ішінде 66%-ы тұрақты жұмысқа орналастырылса, 121 мыңнан астам адам жаңа кәсіп меңгеруге мүмкіндік алған. Шамамен 29 мың ауыл тұрғыны жеңілдікті шарттармен шағын несиеге қол жеткізген.
«Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасының екінші бағыты кәсібін кеңейтемін дегендер мен іс бастауға ынталыларды қолдайды. Осы жылдың тоғыз айында Қостанай ауданында 17 адам шағын бизнес «әліппесімен» танысып, 33 адам 72,8 млн теңге шағын несие алған. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәліметінше, қазіргі таңда 13 адамның жобасы қаралып жатқан көрінеді.
– Кәсіп ашып, нәсіп табуға ниетті адамға бүгінде ешкім кедергі емес, – дейді бағдарлама арқылы несие алып, мал шаруашылығымен айналысып отырған Тұрсынбай Фазлахатов. – Әйтсе де, ауылдағы кәсіпкерлерге қолдау керек-ақ. Мысалы, жайылым жер жетіспейді. Көлік жалдап, сонау Әулиекөл ауданынан шөп сатып әкелдім. Егер өрісіміз кең болса, малазыққа кететін шығынымыз азаяр еді.
Тұрсынбай ағамыз Октябрь ауылдық округіне қарасты Лиманный елді мекенінде тұрады. «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы туралы білген соң, биыл қатысуға бел буды. Мемлекет 2 млн теңге берді. Оған бір асыл тұқым бұқа, төрт қашар және тағы осынша сиыр сатып алды.
Тұрсынбай ағамыз Октябрь ауылдық округіне қарасты Лиманный елді мекенінде тұрады. «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы туралы білген соң, биыл қатысуға бел буды. Мемлекет 2 млн теңге берді. Оған бір асыл тұқым бұқа, төрт қашар және тағы осынша сиыр сатып алды.
– Мен өмір бойы ауылда тұрып жатырмын. Мал өсірудің қандай еңбек екенін жақсы білемін. Сондықтан, осы шаруаны қолға алуды жөн санадым, – дейді Тұрсекең. Кәсібін кеңейтіп, тұқымы асыл мал өсіріп, елімізді сапалы өніммен қамтамасыз ету ісіне үлес қоссам деген үлкен мақсатын да жасырмайды.
"Арна" газетінен