Абайсыздық – абыройсыздық

Өрт қауіпсіздігі ережесін сақтау – өмір, денсаулық және материалдық құндылықты қатерден алшақ ұстаудың кепілі. Немқұрайлылық, абайсыздық қашанда орны толмас өкінішке соқтырады. Сондықтан ең маңыздысы – салдармен емес, себеппен күресу. Әсіресе, жылу маусымы басталған кезеңде сақтық шараларына аса мұқият болу шарт. Мұны бүгін облыстық ТЖД басшысының орынбасары Азамат Орынбаев өңір тілшілерімен өткен баспасөз мәслихатында сөзіне өзек етті.IMG_3449
А.Орынбаев берген мәліметтерге сүйенсек, тілсіз жаудан келетін төтенше жағдайлар қатары өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай төмендеген. Қалай дегенмен де құрбандар санының жылдағыдан кемігені қуануға себеп емес.
– Жыл басынан бері облыс көлемінде ұзын саны 838 өрт оқиғасы тіркелген. 21 адам қаза тауып, 7 азамат түрлі жарақат алды. Жалпы материалдық шығын 21 млн теңгеден асып жығылды. Сәйкес кезеңмен салыстырсақ, өрт оқиғасы саны 12 %-ға, адам өлімі 26 %-ға, жарақат алушылар тізімі 46 %-ға, материалдық залал көлемі 14 %-ға кеміді, – деп деректер келтірді орынбасар.
Оқыс оқиғаларға ең әуелі адами фактор себеп. Абыройсыздыққа абайсыздық әкеп соғады. А.Орынбаевтің айтуынша, төтенше жағдайлар жылу маусымы басталған кезеңде де аз тіркелмейді. Көбі қосымша жылыту құрылғылары мен баламалы пештерді тұтыну барысында қауіпсіздік ережесін бұзады. Қыс мезгілі алдындағы өрт оқиғалары монтаждық жұмыстар мен электр құрылғыларын бейсауат пайдалану кезінде де жиі туындайды. Баяндамашының сөзінше, барлық өрт оқиғаларының кезекті бір басты себебі – көбіне-көп алкогольдік ішімдік ішудің (17,81%) , төсекте жатып темекі шегудің (12,57%) кесірінен.
– Қатаң ескертетін жайт – жер үйлерде сынығы немесе жарығы бар, есікшесі жөндеусіз, ашық-шашық пештерді пайдаланбаған жөн. Мұндай пештерге тамызық үшін керосин, бензин немесе солярка қолдану да аса қауіпті. Ал енді көпқабатты үйлерде қыс уақыттарында, әсіресе, күн қатты суытқанда үй жылуын арттыра түсу үшін электр құрылғыларын тұрғындардың көбі пайдаланады. Мұнда да шаманың, ереженің сақталмауы оқыс жағдайларға душарластырып жатады. Сондықтан әр тұрғын мұқияттылықты қаперден шығармаса екен, – дейді А.Орынбаев.
Жалпы, департамент қызметкерлері қауіпсіздік ережелерін сақтауды тұрғындардың жетесіне жеткізу мақсатында насихаттық жұмыстарды аз жүргізіп жатқан жоқ. Мәселен, БАҚ арқылы жыл басынан бері 3538 материал жарияланыпты. Байқаулар өткізіліп, рейдтер жүргізіліп, үгіт-насихаттық, алдын алу шаралары ұйымдастырылып, баннерлер мен бильбордтар қаланың көрінеу жерлеріне ілінген.
Сондай-ақ, А.Орынбаев тілшілердің соңғы уақыттағы ел есінде қалған өрт оқиғалары аясында сұрақтарын қойды. Алайда, ол нақ қазір нақты мәліметтер қолында жоқ екенін алға тартып, мекемеге кейінірек хабарласуларын өтінді.
 
Ж.Жүсіпбек.
Суретті түсірген Айбек Жүзбай

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓