Өрт екі баланың өмірін жалмады
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, қайғылы жағдай Арқалық қаласында 8 қазан күні болған.
Кешкі сағат 16:15 шамасында құтқаушыларға Маясов көшесіндегі көпқабатты үйдің әлдебір тұрғынынан 5-қабатта көршілес пәтердің терезесінен түтін шығып жатқаны туралы хабарлама келген.
– Оқиға орнына 9 өрт сөндіруші мен 2 автоцистерна және автосаты жеткізілді. Өрт тұтанған үйдің темір есігі ішінен жабулы болған. Ернеулерінен сыртқа қою түтін шығып жатқан. Құтқарушылар арнайы құрал арқылы есікті бұзып кірді, – делінеді баспасөз қызметі хабарламасында.
Мамандар ішке кіргенде пәтердің бір бөлмесінің бұрышында төсек-орын, зат салынған жәшік және жұмсақ орындық өртеніп жатқан. Алау аумағы – шамамен 2 шаршы метр. Ал басқа бөлмеде 2011 және 2012 жылғы екі бала ес-түссіз жатыпты.
"Өртсөндірушілер жәбірленуші балаларды тысқа алып шығып, жедел медициналық көмек бригадасына табыстады. Алайда, өкінішке қарай, олар ауруханаға жетпей көз жұмды", – делінеді хабарламада.
Құтқарушылар төменгі қабатта тұратын 11 адамды ғимараттан тысқа шығарды. Тағы да 8 жасар баланы автосаты арқылы құтқарып қалды. Өрттің шығу себебі және балалар қазасының жай-жапсары анықталуда.
"Алау" мәліметтері бойынша