Болат қайнауда шынығады
«ССКӨБ» АҚ бөлімшелерінде «Алтын қор» кәсіби шеберлік байқауының іріктеу кезеңдері өтті. Еуразиялық Топ кәсіпорындары арасында үздік мамандарды анықтап, оларды жан-жақты ынталандыруға және жұмысшы мамандықтардың беделін көтеруге бағытталған конкурсқа 50 шақты жұмыскер қатысып, 7 аталым бойынша өзара сынға түсті. Үміткерлер алдымен 30 сұрақтан тұратын тестілік тапсырмаларды орындады. Одан кейін қиын да, қызықты саналатын практикалық кезеңге кезек берілді. Мұнда берілген тапсырмалардың барлығы қатысушылардың шеберлігін, тапқырлығын, шапшаңдығымен мен шыдамдығын талап етеді. Мәселен, ауыр жүк көлігінің жүргізушілері белгіленген маршрут бойынша жалаушаларды жықпай аялдау, кен массасын түсіру, алдыға және артқа қарай «сегіздік» жасау сияқты тапсырмаларды орындаса, электр-газбен дәнекерлеушілер күрделі темір бұйымдарды еңіс және тік бағытта дәнекерледі. Краншы қыздар ашылған сіріңке қорапшаларын кранның ілмегімен жауып, шеберлік танытса, экскаватор машинистері алпауыт техниканың шөмішімен бөрене ағаштарды жылжытып, су құйылған шелектерді бір орыннан екінші орынға тасымалдады. Ал әділқазылар алқасы үміткерлердің тапсырмаларды дұрыс, әрі тез орындағанымен қатар қауіпсіздік техникасына де жете мән берді.
Айта кетерлігі, былтыр тұңғыш рет кен алыбының базасында ұйымдастырылған «Алтын қор» байқауында рудныйлық жұмыскерлер Дмитрий Туник, Сергей Гупалов, Феликс Гавриковтар бас жүлдені иеленген болатын. Биыл болса, аталмыш шеберлік сынында іріктеуде үздік нәтиже көрсеткен САТ технологиялық көлігінің жүргізушісі Сергей Шапранов, электр-газбен дәнекерлеуші Абай Меңлібай, экскаватор машинисі Виталий Сикун, электр жөндеуші Андрей Алисерец, бульдозер машинисі Василий Миханов, краншы Гүлсина Мұхамедиева мен темір ұстасы Вячеслав Синюкевич «ССКӨБ» АҚ намысын қорғайтын болады. «Алтын қор» 12-14 қазан күндері «Қазақстан Алюминийі» АҚ мен «ЕЭК» АҚ базасында өтеді. Ендеше, жерлестерімізге тек қана жеңіс тілейік.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ