“Қыстың қамын жаз ойла”
Біздің облыста да жем-шөп дайындау науқаны барынша ыждағаттылықпен орындалуда. Жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Ыстығы төбеңді тесетін күннің астында, жалыны бет шарпитын алқаптағы жұмыс оңай емес. Әйткенмен бүгінде шаруа қожалықтары мен құрылымдар қолдағы бар техникаларын түгендеп алыс шабындықтарда шөп шабуда. Осы шаруаны тұрақты назарға ұстап отырған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарына жолығып, мән жайға қаныққан едік
Аталмыш басқарманың егін шаруашылығы және озық технологиялар бөлімінің басшысы Сәлімжан Исеномановтың айтуына қарағанда, қазіргі таңда 1 млн 142 мың гектар шабындық жерден 614 мың тонна шөп жабылыпты. Бұл қажетті қордың 44 пайызы деген сөз.
Жалпы Қостанай өңірі бойынша 443 302 бас қой-ешкі, 452 266 бас ірі қара, 93 824 бас жылқы бар. Осы төрт түлік малға биыл бір жарым жылға жететін 1 млн 407 мың тонна мал азығының қорын дайындау тапсырмасы жүктеліпті. Оның үстіне биылғы жылғы ауа райының қолайсыздығы қысқы мал азығын дайындауға қиындықтар туғызуда. Мәселен, Денисов, Таран аудандарында құрғақшылықтың салдарынан шабындық шөп аз шыққан. Мұның есесіне, Аманкелді, Жанкелді, Науырзым, Қамысты аудандары мен Арқалықтың шөп шүйгін.
Сонымен қатар өңірдегі дәнді дақыл өсірумен айналысатын шаруашылықтардан жем алу мәселелері де қарастырылып отыр.
Иә, «Қыста малыңды бақ, жазда шөбiңдi шап» деп қазақ тегiн айтпаған. Ертеңгi қыраулы қыста қысылып қалмас үшiн де мал азығы қорын осы бастан сайлап алуымыз керек. Қазiр барлық күш-жiгер осы мақсатқа жұмылдырылған.
Мешіт Ғазиз