Жемқорлыққа қатысты тағы бір іс түсті
Қостанай қалалық №2 сотына түзету мекемесінің аумағына тыйым салынған заттарды сыйақыға жеткізіп отырған ішкі істер органының қызметкеріне қатысты қылмыстық іс түсті.
Облыстық соттың баспасөз қызметі мәлімдегендей, УК 161/2 түзету мекемесінің қызметкері жазасын өтеп жатқан сотталғанға заңсыз сим карта мен ұялы телефонды ақшалай сыйақыға өткізу туралы ұсыныс айтқан. Осылайша, ол сотталғанның келісімімен үстіміздегі жылдың екінші маусымында сим картаны өткізіп, одан алған 5 000 теңгені өз қажеттілігіне жұмсаған. Сондай-ақ, сим карта мен ұялы телефондар бас бостандығынан айырылғандардың пайдалануына тыйым салынған заттардың тізіміне енетінін анық біле тұра, сотталғанға қайта барып, ұялы телефонды өткізу үшін тағы да ақшалай қаражат дайындау керектігін айтқан. Маусымның сегізі күні ол түзету мекемесінің аумағына ұялы телефонды өткізіп, сотталғанға берген. Ал, жұбайынан алған 30 000 теңге ақшаны өзіне қалдырып, өз қажеттілігіне жұмсаған.
Қылмыстық істі тыңдау 2014 жылдың 18 шілдесіне сағат 10.00-ге тағайындалды.
Қарлығаш Оспанова