Ауылдағы той
ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Қостанай облысының 80 жылдығына орай «Айналдым еркін елімнен!» деген атаумен Веселоподол ауылдық округінде мерекелік шара өтті.
Мектеп маңы безендіріліп, киіз үй, сахна, өнер көрмесімен көмкерілді. Мерекенің нышаны – жалаулар желбіреп тұрды. Ауылдық округ әкімі Жақсылық Мейрембаев бастап, қатысушылар қостап, мерекелік шеруге шықты.
Көптен күткен мерекелік той қазақ халқының дәстүрі – шашумен ашылды. Аудан әкімінің орынбасары Ілияс Насыров сөз сөйлеп, жиналған қауымды құттықтады. Ауылдың шаруа қожалықтары басшыларына грамота табыс етті. Содан кейін, Веселоподол мен Лесной ауылдық округтерінің депутаты Хадия Шарафеева сөз алып, ол да ауылдықтарға жүрекжарды лебізін жеткізді. Одан соң Веселоподол ауылдық округінің әкімі Жақсылық Мейрембаев ортаға шығып, өз құттықтауын жолдады. Жақсылық Жұмадиұлы «Үздік аула» иегеріне өз қаражатынан 10.000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық пен мадақтама қағазын берді. Оны Ананьев негізгі мектебі иеленді. Сондай-ақ, әкім ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан қомақты үлесі және көп жылғы еңбегі үшін бір топ адамды мадақтама қағазымен марапаттады.
Сонымен қатар, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрайымы Светлана Горюха сөз сөйлеп, «Нан» туралы өз өлеңін нақышына келтіре оқып берді. Ол да аудандық спартакиадада белсенділік танытқан спортшыларға грамоталар табыстады.
Құттықтаулардан кейін мейрамның ең негізігі бөлігі басталды. Ол – 4 бөліктен тұрды. Алғашқысы – «Тың игеру» деп аталды. Оның өкілдері сол кездегі тынымсыз еңбекті, қауырт жағдайды қойылым арқылы көрсетіп, өз өнерлерін паш етті. Екіншісі – «СССР» делініп, оған қатысушылар сахнаға шығып, өздерін таныстырды. Ал, үшіншісі – «Тәуелсіз Қазақстан» деп ұрандады. Аты айтып тұрғандай, бұл топтың қатысушылары бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның бейнесін сомдап, дамыған жарқын ел екенімізді көрініс арқылы танытты. Шашу шашып, бата берді. Сондай-ақ, соңғысы – «Қазақстанның болашақтары». Олар да өз өнерлерін барынша ортаға салып, болашақта өздеріндей ұрпақ өсіп келе жатқандығын көз алдымызға келтірді. Бірыңғай жастар ел туын көкке көтеріп, біздің биікке самғайтын ел екендігімізді көрсетті.
Жалпы, барлық топтың өнерін қазылар алқасы бағалады. Соның нәтижесінде, бірінші орынды «Қазақстанның болашағы» бағындырса, ал, екінші орынды «СССР» еншілеп, ал қалған топтар үштіктен көрінді.
Айта кеткен жөн, ауылдық мәдени клуб қызметкері Раушан Стаптың ұйымдастыруымен өткен мерекелік шара ауыл халқына тамаша әсер сыйлады.
-Бұндай мереке ауылда көптен бері болмап еді. Жаңа әкім келгелі ауылда өзгеріс көп. Бүгін міне, бір ерекше сәтті бастан кешіріп жатқан жәйіміз бар. Сондықтан, ауыл әкімі мен мәдени клуб қызметкеріне алғысым шексіз, – дейді ауыл тұрғыны Зинұр Биболова әжей.
Айтпақшы, дәл осындай думаннан соң ауылдың шетінде ат жарысы спортынан жарыстар ұйымдастырылды. Мерекенің мәні мен сәніне айналған бұл додаға Сарыкөл кенті мен Веселоподол ауылының командасы қатысты. Олар: «Қыз қуу», «Көкпар», "Теңге алу" және «Бәйгеден» сынға түсті. Алғашқы сайыста ешкім қызды қуып жете алмай, нәтижесінде Люба Баширова жеңіске жетті. Ал, екінші сында веселоподолдық ардагерлер командасы жеңімпаз атанды. Осы орайда айта кеткен жөн, көкпарға аулыдық округ әкімі Жақсылық Мейрембаевтың өзі де қатысты. Ал, үшінші ойында Самат Сақыпжанов алдына жан салмады. Сондай-ақ, 1500 км қашықтықта өткен бәйгеде бірінші орынды шабандоз Исатай Дүйсенғалиев жеңіп алды.
Сайыс жеңімпаздарына демеушілік жасаған ауыл тұрғындарының атынан ақшалай сыйлықтар берілді.
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.