Келелі кеңес облыс орталығында жалғасты
Қалалық балалар шығармашылығы үйінде Қостанай қаласы мектептері педагог қызметкерлерінің тамыз кеңесі болып өтті. Әдеттегідей қала шығармашылығы үйінің фойесінде қаладағы мектеп ұйымдарының тыныс-тіршілігін, дамуын, жетістіктері мен табыстарын баяндайтын көрме ұйымдастырылды. Көрмеге сол секілді педагогтарымыздың авторлық бағдарламалары, көрнекі құралдары, білім беру технологияларының әдістемелері қойылған. Көрмені қала әкімі Базыл Жақыпов аралап көрді.
Тамыз кеңесінде Қостанай қаласының әкімі Базыл Жақыпов, облыстық білім басқармасының бастығы Бәтима Даумова сөз сөйлеп, қала педагогтарын жаңа оқу жылымен құттықтады. Негізгі баяндаманы қалалық білім бөлімінің жетекшісі Данагүл Сүйіндікова жасады.
Педагогтардың келелі кеңесінде қала педагогтарының 2015-2016 оқу жылдарында атқарылған жұмыстары және жаңа оқу жылына қойылып отырған білім берудің міндеті мен мақсаты жан-жақты талқыланды, жетістіктер мен білімнің жаңа мазмұны туралы айтылды. Мектептерге жүргізілген жөндеу жұмыстар мен балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту мәселесі де қозғалды. Мектептердің материалдық-техникалық базасы және оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету жайлы да әңгіме болды.
Сол секілді қалалық тамыз кеңесі аясында пәндік тақырыптық секциялар өтті, онда білімнің жаңа мазмұны жан-жақты талқыланып, пікірлер, ұсыныстар айтылды. Жиын соңында үздік педагогтарды марапаттау рәсімі болды.
Гүлназым САҒИТОВА.
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.