ҚАЗАҚСТАН – КӘМПИТ ТЕ, КОНЬЯК ТА БОЛМАУЫ ТИІС!

1946 жылдың 28 маусымында Горький атындағы көлік зауытында Кеңес Үкіметінің азаматтық бағыттағы тұңғыш темір тұлпары құрастырылып шығарылғаны белгілі. Иосиф Сталинге көліктің алғашқы нұсқасын көрсеткен құрастырушылар оған «Родина»  деген атты таңдағанын жеткізіпті. Көліктің іші-сыртына үңіліп те қарамаған Сталин, мақтау күтіп тұрғандардан: «Отаныңды» (Родина) қаншаға сатпақсың?» деп сұраған екен…сталинСодан бері адам да, заман да өзгерді.  Керек десеңіз, өмір салтымыз да түрленіп шыға келді. Ағаларымыз ауыздарынан тастамаған тауарларды талонға алар дәуір келмеске кетіп, қажет дегеніңіздің бәрін де дүкен сөрелерінен табар күнге жеттік. Шетелдік танымал брендтік бұйымдар,  олардың қытайлықтардың қолынан шыққан айнымас көшірмелері, бәрі-бәрі біздерге қолжетімді бола бастады. Кедендік одақ құрамына енгеніміз сол еді, отандық өніміміз көрші елдерден ағылған тауарлардың көлеңкесінде қалып, мүлдем көрінбей кетті.  
Тұтынушыларының бетін бері қаратудың амалына жүгінген жергілікті тауарөндірушілері өз бұйымдарын жер-су аттарымен, танымал тұлғалар және тұтас мемлекетімізбен атауға кірісті. Алысқа бармай-ақ, қасыңыздағы азық түлік дүкеніне кіріп көріңізші?! Арақ-шараптың арасынан «Алатау», «Жетісу», «Астана», «Бәйтерек» атауларынан бастап, қазақтың небір батырларының есімдерімен аталған ащы судың түр-түрін кезіктіруге болады. «Алпамысты» ортаға алғандардың бойына  осы батырдың күші дарымасы анық. Ал оның құрамындағы этил спирті ішкендердің қолтықтарына онсыз да  су бүркеді. Ендеше, осы құрғырды батырдың атымен атап,  осыншама әспеттеудің қаншалықты маңызы бар?!коньякКөзге қораш көрінетіні, тұтас мемлекетіміздің атауының арақ пен шарап, темекі, шоколад, сағыз, өзге де бұйымдардың сыртына телінуі. Мәртебелі атқа ие болған тауардың сыртының көк туымызбен әспеттеліп, оралатынын қайтерсіз?! Онысымен тауардың сапасының я болмаса мәртебесінің асқанын көрген емеспін. Әспеттелген тауарлардың қалдықтары мен аспан түсіне боялған құты, орамалары шашылып қоқыста, көшеде жатады. Оған мән беріп жатқандар некен-саяқ.
Осы бір келеңсіздікке қынжылып тұрған шақта Түркия президенті Реджеп Ердоғанның ерекше әрекеті еске түседі. Түрлі мемлекет басшыларының басы біріккен келелі жиындардың бірінде, жалпы суретке түсу рәсімі ұйымдастырылған болатын. Шараға қатысушылар өз мемлекеттерінің туы тасталған жерлерге тұра бастады. Бекітілген тұсқа таяған Түркия президенті жиналғандардың назарын еріксіз өзіне аудартты.  Мемлекет басшысы еңкейіп, жерде жатқан мемлекеттік  туының қағаз нұсқасын көтеріп, төс қалтасына салды. Түркия басшысы Түркіменстанға барған сапарында да, дәл осындай әрекетімен жерде жатқан туына төс қалтасынан орын тапқан еді. Реджеп Ердоғанның әрекеті жиналғандарға ерсі көрінгенімен, өзгелерге ой салғаны, отандастарына патриоттық рух бергені анық. Осы іспеттес үлгілі істердің нәтижесінде аталған  елден «Turkey» деген атпен арақ-шарап түгілі кәмпитті де кездестірмесіңізге кәміл сенімдімін. Тіпті, қонақ үйлері де бұлайша аталмайды!кампит
 Ал, бізде «Қазақстан» кәмпитінің қаптамасын теріп жүргендер бар ма?! Оны айтасыз, көк Туымызбен қоқыс тасығандарды да көрдік. Дамбалының көрнекі жеріне жабыстырғандарды да көзіміз шалды.
Бассыздардың қоқыс қапшығына айналып, жалаң патриоттардың дамбалына жапсырылған, темекі, арақ, шоколадтың сыртына оралып, көшеде шашылған мемлекеттік нышандарымыздың өскелең ұрпақтың санасын улап, мемлекеттік рәміздерге деген құрметін төмендетері анық. Мемлекеттік рәміздеріміз аяққа тапталмасын, мәртебесі өссін десек, елдік нышандарымыздың нақ өзі болмаса да, сұлбасын  көрінген жерге жапсыра беруді доғару қажет. Заңмен тыйым салу бір басқа, өзіміз түсініп, өзіміз қастерлесек, тәу етер тәуелсіздік нышандарын қолымыздан жұлып, ешбір жан жерге тастамайды. Әйтпесе, еліміздің басты құндылықтарын қорғайтын, бізге де бір Сталин керек пе?!байтерек
…Айтпақшы, Сталин мырзаның жоғарыда айтылған сөзінен кейін көлік құрастырушылары «Родинаны» «Победаға» айналдырып жіберген көрінеді.
 
Жұматай Кәкімжанов

You may also like...

7 Responses

  1. Санат айтты:

    Соңғы түйін керемет екен. Негізі Түркиядан үйренер көп. Авторға разымын. Жіктеп берген екен. Бірақ қазір бұдан да орасан мәселе – терроризмге карсы күрес жайнда ақпар керек етет.

  2. Мұратбек айтты:

    Жерде жататыны рас қой. Сірә бізге нышандарды сыйлауды Ердоғаннан үйрену керек шығар. Не болса соған "Қазақстан" деп жапсыра береміз текке

  3. Марат айтты:

    Иə,  өте орынды жазылған мақала. Бірақ, бұдан ешқандай нəтиже шықпайтын сияқты. Ешкім елеп жатқан жоқ.

  4. Sanzhar айтты:

    Байрақ  түгілі қамшыны қастерлеп, кереге басына іліп қоятын ел едік. Қазір…

  5. Zhomart айтты:

    Trusidin zhelbiregeni deimiz be buny?

  6. Есімсейітова айтты:

    Енді нəскиге жазу қалды. Əлде, ол да бар ма?

  7. Данияр айтты:

    Қытайлар аман болса,оны да жасайды

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓