“ВІ Жұлдызай” қайырымдылық қоры Қостанайда
Бүгін Қостанайға еліміздегі мүмкіндігі шектеулі және жетім балаларға қолдау көрсетіп жүрген “ВІ Жұлдызай” қайырымдылық қорының дәрігерлері келді. Олар үш күн бойы Қостанай, Рудный қалалары мен Федоров аудандарындағы балалар үйі мен жазғы демалыс лагерлеріне барып, ондағы балаларға диагностикалық емдеу шараларын жүргізеді.
Еліміз бойынша балалар мүгедектігі арасында неврологиялық және ортопедиялық аурулары екінші орында көрінеді. Ал, мұндай сырқаты бар балаларды шетелге апарып емдетудің де материалдық әрі моральдық тұрғыда қаншама қиындықтар туғызатыны айтпаса да белгілі. Сондықтан, сал ауруына шалдыққан балаларға медициналық қызмет аса қажет. Осы мақсатта құрылған “ВІ Жұлдызай” қайырымдылық қоры он жылдан бері еліміздегі мүмкіндігі шектеулі балаларға қол ұшын созып, қамқорлық танытып келеді. Әсіресе, мүгедек балалардың шетелде ем алуына материалдық тұрғыда жәрдемдесіп, нәтижесінде қаншама бала аяғынан тік тұрып, қатарға қосылды. Ал, қор жанынан құрылған “ВІ Жұлдызай” медициналық оңалту орталығы да соңғы үш жылдан бері шетелдік мамандарды өздері шақыртып, сырқат балалардың ем алуына жәрдемдесуде. Сондай-ақ, орталықтың қолдауының арқасында Ресей, Литва, Израиль, Испания, Қытай, Англия, Чехия сияқты елдерден арнайы білікті мамандар шақыртылып, солардың қатысуымен елуден астам мастер-класс өткізілген. Өткен жылдың өзінде жиырма шақырту ұйымдастырылып, мыңнан астам бала шетелдік мамандардың қарауынан өтіп, 94 балаға ота жасалған. Биыл да жыл басынан бері медициналық оңалту орталығының қолдауымен Астана қаласындағы ірі медициналық орталықтардың базасында шетелдік мамандардың қатысуымен жүзден астам балаға ота жасалған. Олардың арасында аяғынан тік тұрып, жүріп кеткендер саны да жетіп артылады. Мұның сыртында биыл алты жүзге жуық бала аталмыш орталықта оңалтудан өткен.
Астана медициналық университетінің балалар хирургиясы кафедрасының доценті, “ВІ Жұлдызай” қайырымдылық қорының үйлестірушісі Роза Қарабекованың айтуынша, үстіміздегі жылдың мамыр айынан бастап қор республикалық “Ана үйі” қоғамдық қорымен бірлесіп тағы бір жобаны қолға алған көрінеді.
-Осы жоба аясында біз еліміздің барлық өңірлеріндегі балалар үйлеріндегі мүмкіндігі шектеулі балаларды тексеріп жатырмыз. Сал аурына шалдыққан балалар болса, олардың тегін ота жасатуына мүмкін жасаймыз. Себебі, балалар үйіндегі сырқат балаларды ешкім асырап алғысы келмейді. Сондықтан, біз сондай сырқат балаларды сауықтырып, қатарға қосып, олардың да отбасында тәрбиеленуіне мүмкіндік жасау үшін біз осы жобаны қолға алдық. Басты мақсатымыз жергілікті мамандармен бірігіп, осындай балалардың өмір сапасын жақсарту, – дейді Роза Қарабекова.
Міне, осы мақсатта Қостанайға атбасын бұрған медициналық орталықтың балалар невропатологы, ортопед, ЛФК, логопед-дефектолог мамандары “Дельфин” балалар үйінде болып, ондағы 14 балаға консультациялық-диагностикалық емдеу шараларын жүргізді. Сондай-ақ, астаналық дәрігерлер Қостанай, Рудный қаласы мен Федоров ауданындағы балалар үйілері мен жетім балалар демалып жатқан жазғы демалыс лагерлеріне де бас сұғып, ондағы сырқат балаларға да ем жүргізбекші.
Бұған дейін еліміздің бес қаласында болған орталық дәрігерлері Қостанай облысынан кейін Павлодар, Атырау, Өскемен, Аягөз, қыркүйек-қазан айларында еліміздің Оңтүстік өңірлерін аралауды жоспарлап отырған көрінеді. Сонымен қатар, қор үйлестірушісінің айтуынша, 12 қыркүйекте еліміздің әр өңіріндегі балалар үйінің мамандары Астана қаласында тәжірибеден өтетін болады.
Қарлығаш Оспанова.
Суреттерді түсірген Айбек Жүзбай.