КҮН ТӘРТІБІНДЕ – ҚАРЫЗ МӘСЕЛЕСІ
Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қостанай облысындағы коммуналдық кәсіпорындар шығынға батып отыр. Бұл туралы облыстық әкімдіктің аппарат жиынында мәлім болды. Тобыл өңірі тұрғындарының коммуналдық қызмет алдындағы қарызы 775 млн. теңгеден асып жығылады. Қысқы әзірлік жұмыстарын сөз еткен тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және энергетика басқармасының басшысы Хайдар Қамбаров қордаланған қарыздың кімдерге тиесілі екенін жіпке тізді. Аталған соманың 4,5%-ы бюджеттік ұйымдарға тиесілі.
– Біз электр қуатын Павлодар облысынан алдырамыз. Арақашықтық алыс, онан соң аудандарға жеткізу жұмысы тағы бар. Тиісінше тарифтің жоғары болатыны сондықтан. Ресейден әкелінетін табиғи отынды тұтынамыз. Оның бағасы жыл сайын өзгереді. Жылудың тарифі шамамен 62%. Қазіргі таңда қыс айларына дайындық жүріп жатыр. Жоспарлар мен іс-шаралар кешені белгіленіп қойды. Екінші көтерілімнің су сорғыш станциясынан Қостанай қаласындағы басты канализациялық станцияға дейінгі қашықтықты алатын, ұзындығы 15,5 шақырым болатын магистральді Мәскеу су таратқышының қайта қалпына келтіру жұмыстары қызу жүруде. Ал қазір біздің басты міндетіміз – жылу маусымы басталып кетпей, қарыздарды толықтай өтеу, – деді басқарма басшысы.
Коммуналдық кәсіпорындар 2015 жылы құны 52,9 млрд.теңгені құрайтын қызмет көрсеткен. Дегенмен, тұтынушылар бұл қаражаттың 97%-ын ғана өтеген. Ең көп қарыз – газ және жылу қызметтерінде.
Тек қалалардың қарызы 382,3 – млн.теңге, оның ішінде Қостанай қаласына 182,3 млн.теңге тиесілі. Кәсіпорындар арасынан «Құшмұрын ЖЭК» 6,9 млн.теңге, «Тобыл» МҚМ 3,6 млн.теңге қарыз.
2016 жылдың қаңтарынан бері ТКШ кәсіпорындары қарызын төлемеген тұрғындарға 2780 сот шағымын түсірген. «Қостанай-Су» мекемесі осы уақытқа дейін 56 рейд ұйымдастырған. Нәтижесінде 43 абонент қарыздарын толықтай төлеген.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов орынбасарларына ортақ есептік орталыққа көшуді ұсынды.
– Менде бар мәліметтерге сүйенсек, тұрғындар, жарық қызметін бірінші төлейді. Ал қалғанын кейінге шегереді. Сондықтан облыстағы бір ірі коммуналдық ұйым базасына ортақ төлем қабылдайтын орталық ашу қажет. Сонда ғана жақсы сапаға қол жеткіземіз. Ал қарыздары бар тұрғындардың есімін облыстық баспасөздерге жариялаңыздар, – деді өңір басшысы.