Тапсырмалар жіті бақылауда

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов әкімдіктің кеңейтілген отырысын өткізіп, жергілікті атқарушы органдардың орындаушылық тәртібін талқылалды және облыс аумағындағы мәдениет нысандарының жай-күйі мен мәдениет саласының инфрақұрылымдық даму перспективаларына қатысты мәселе қаралды. Бұл туралы Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Тапсырмалардың орындалуын бақылау мемлекеттік органның негізгі міндеттерінің бірі болып қала береді. Басшылықтың құжаттары мен тапсырмаларының уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз ету – маңызды қызмет. Бұл туралы облыс әкімі аппаратының басшысы Эльдар Күзенбаев баяндады. 2019 жылмен салыстырғанда тапсырмалар жүктемесі 48 пайызға өскен. Бұл, ең алдымен, коронавирус инфекциясының таралуына қарсы іс-қимыл бойынша жедел және жүйелі шаралар қабылдаумен, сондай-ақ пандемия жағдайында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етумен байланысты. Ал 2021 жылдың басындағы жағдай бойынша облыс әкімдігінің бақылауында 396 тапсырма бар.
Одан әрі облыс өңірлеріндегі мәдениет объектілерінің жай-күйі және мәдениет саласының инфрақұрылымдық даму перспективалары туралы мәселе қаралды.
"Nur Otan" партиясының 2021-2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын іске асырудың Жол картасына сәйкес, республиканың барлық өңірлерінде әлеуметтік сала нысандарының қолжетімділігін арттыруға, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған нақты міндеттер бар. Бұл міндеттерді іске асыруға "Ауыл – ел бесігі", "Жұмыспен қамтудың жол картасы" сияқты мемлекеттік бағдарламалар мүмкіндік береді.
Қостанай облысы әкімдігінің Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақовтың айтуынша, 2021 жылдың 1 маусымындағы мәлімет бойынша облыс көлемінде 573 мемлекеттік нысан бар. Жұмыс істеп тұрған мәдениет ошақтарының жағдайын қанағаттанарлық және жақсы деп бағалауға болады. Облыста апатты жағдайда тұрған ғимараттар жоқ.
2019 жылы инспекциялық тексеру қорытындысы бойынша ҚР Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары Науырзым ауданының орталығында Қарамеңді кентінің мәдениет үйін салуға жергілікті бюджеттен қаражат қарастыруды тапсырды. Тапсырманы орындау мақсатында 2020 жылы 200 орынға арналған "Арман" мәдени-демалыс орталығының ғимаратын қайта жаңартуға жобалық смета құжатын әзірлеуге қаражат бөлінген.
Сондай-ақ, осы жылы Л.Толстой атындағы облыстық кітапхана ғимаратын ағымдық жөндеуге және Арқалық қаласындағы №2 облыстық кітапхананы, Жангелдин ауданының Қөлқамыс ауылындағы клубты жөндеуге жалпы сомасы 190,1 млн теңге бағытталыпты.
Мұның сыртында, "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасын жүзеге асыру аясында биыл екінші траншпен Қарасу ауданының Октябрь аймақтық ауылдық кітапханасына 122,8 млн теңге және Қарабалық ауданының Научный ауылдық мәдениет үйіне 140,6 млн теңге күрделі жөндеу жүргізу үшін бюджет қаражатын бөлу жоспарлануда.
Отырыс қорытындысында Архимед Мұхамбетов қалалар мен аудандардың әкімдеріне мәдениет нысандарында орналасқан автономды жылыту жүйелерін іске қосу жоспарының орындалуын ерекше бақылауға алуды тапсырды.
 
Еркебұлан Әлім

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓