Білікті маман – жауапкершіліктің тірегі
Елімізде тұрғындардың денсаулығын қорғау барысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев бастамасымен бірқатар бағдарламалар қабылданып, көптеген ауқымды жұмыстар еліміздің бар аймағында жүйелі жүзеге асуда. Соның бірі – күні кеше ғана “Ұлт жоспары – 100 нақты қадам” атты Жолдаудағы денсаулық сақтау саласына көп көңіл бөлініп, ұлт денсаулығын нығайтуға бағытталған бірнеше нақты тапсырмалары негізделеген. Мемлекеттік бағдарламалар Жанкелдин ауданында да біртіндеп өз кезеңімен орындалып жатыр. Аудандық аурухананың басты мұңы – білікті мамандардың жетіспеушілігі…
Жыл сайын аудандық бюджет есебінен оқитын медицина саласының мамандары қолдарына табақтай дипломдарын алып, бір-екі жыл қызмет істеп, мерзімдері аяқталғасын тайып тұрады. Олардың дені – өзіміздің торғайлық бауырларымыз.
Ал мынау – жүзіне күлкі ұялап, келген науқастарға мейірімділік танытып, алғыс арқалаған Түркіменстанның тумасы Абезов Бабамұрат Довлетмұратұлы.

Астана медицина академиясына оқуға түсіп, хирург мамандығын тәмамдаған. 2013 жылы “Дипломмен – ауылға” бағдараламасы бойынша аудандық ауруханаға оташы болып қызметке орналасты. Өз ісінің білікті маманы. Ауыр халде келген науқастарға дер кезінде сәтті ота жасап, олардың одан әрі өмір сүруіне талай мәрте себепші болған. Әріптестерінің ортасында да беделі жоғары.
-Елбасы Н.Ә.Назарбаев медицина саласын реформалауға аса мəн беріп келеді. Осы тұрғыда былтырғы жылы қабылданған “Саламатты Қазақстан – 2015” бағдарламасы медицина саласының қызметкерлері үшін жауапты міндет жүктейді. Білімім мен біліктілігімді шыңдау үшін ата-анамнан және бауырларымнан жырақ кеттім. Құдайға шүкір, таңдаған мамандығым өзіме қатты ұнайды. Мамандық таңдаудан қателеспегендігімді науқастарға ота жасап, аман сақтап қалғанымда барып түсіндім. Аз да болса абзал парызымды орындап, ауданның әлеуметтік дамуына үлесімді қостым деп ойлаймын, – дейді Бабамұрат Довлетмұратұлы.
-Мен М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетін дәрігер, акушер-гинеколог мамандығы бойынша аяқтағанан кейін осы ауданға жас маман ретінде келдім. Алғаш жұмысқа кіріскен сәтте қобалжу сезіміне ерік бергенім рас. Артынша үлкен ортаға бауыр басып кеттім. Туған жерім – киелі Түркістан. Негізі, мерзімдік келісім-шарт бойынша келген едім. Тағдырдың берген сыйы шығар – торғайлық азаматпен көңіл жарастырып, отау құрдық. Үлкен әулеттің келіні атандым, – деп Күләнда Мұхамбетжанқызы жан сырын жайып салды.
Ия, расында Күләнда – көңілі ашық, ақ жарқын жан. “Ақ халатты абзал жан” деген атқа әбден лайықты. Ол үшін ана мен баланың өмірі өз өмірінен де маңыздырақ көрінеді. Білім, біліктілік, мейірім, еңбек, адалдық. Дәрігерлерге тән асыл қасиеттер Күләнданың бойынан табылады. Дәрігерге қажет ең негізгі қасиет ол – шыдамдылық. “Жақсы сөз – жарым ырыс”. Мінсіз дәрігер деген – өзін де, отбасын да екінші кезек қойып, бірінші науқастың амандығын ойлайтын адам. Күләнданы машықты маман ретінде мақтасақ, қандай сөздің өзі аздық етеді.



– Біздің орталық ауруханаға медицина мамандардарының жетіспей жатқандығы шындық. Шалғай аудан болғасын ешкім келгісі келе бермейді. Әйтпесе жалақысы жоғары, үй мәселесі де оңтайлы шешіледі. Қанша үгіттеп шақырсақ та, олардың келгісі жоқ. Солардың ішіндегі дені – өзіміздің торғайлықтар. Кей кезде оңаша қалғанда жерлестеріміздің елге деген патриоттық сезімдері ояна қоймаған ба деп ой топшылаймын. Соңғы төрт-бес жыл көлемінде Шымкент, Түркістан қалаларынан, тіпті Түркіменстан елінен келген жас мамандар жұмыс жасады. Аудан әкімдігі де қолдау көрсетіп, тұрмыстық жағдайларының түзеліп кетуіне демеу болды. Қазіргі таңда мемлекеттік бағдарламамен келген жас дәрігерлер жұмыс істеп жатыр. Қанша дегенмен, жоғары оқу орнын бітірген білікті мамандар ғой.
Бойларынан артық мінез, салғырттық байқалмайды. Керсінше, елгезек, тілалғыш. Сеніп тапсырған жұмысты тап-тұйнақтай орындағанда дән риза боламыз.Тіл-көзім тасқа. Бүгінгі күнге дейін науқастар тарапынан арыз-шағым естігеніміз жоқ. Қайта жұрт алғыстарын жаудырып, баталарын беріп кетіп жатады. Жыл сайын осылардай жас дәрігерлер көптеп келіп жатса деген тілегіміз бар.
Қорыта айтқанда “Өзге елде сұлтан болғанша, өз елімізде ұлтан болайық”. Жас мамандар мен білікті дәрігерлердің қатары сиремей, толығып отырса, ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші де жоғарлар еді. Тәуелсіз елдің сенімді тірегі болатын жас маман иелері мемлекеттік бағдарламалардың маңыздылығына назар аударып, ауылдың көркейуіне атсалысса кәне!
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ,
Жанкелдин ауданы.