Биылдан бастап “Бала аман” бағдарламасы іске асырылады
Бұл туралы бүгін селекторлық жиында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді.
Министрдің сөзінше, балаларды сауықтыру шаралары мектептен бастау алуы тиіс. Осы мақсатта қоғамдық институттармен бірлесе “Бала аман” бағдарламасы әзірленген көрінеді. Жаңа бағдарламада бастауыш сынып оқушылары арасында шаршағандықты төмендету үшін әртүрлі жаттығуларды көрсетуді, нақты мысалдар арқылы дұрыс мүсін қалыптастыруға, дұрыс тамақтану дағдыларын үйретуге, балаларды алғашқы медициналық көмек көрсетуге үйретуді қарастыратын веб-ресурстың жұмысы ескерілген.–Аталмыш бағдарлама ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірге биылғы жаңа оқу жылында пилоттық жоба ретінде желтоқсан айына дейін Астана мен Алматы қалаларының мектептерінде, ал 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздің барлық мектептерінде іске асырылады, – дейді Тамара Дүйсенова.
Сондай-ақ, министрдің айтуынша, қаңтар-наурыз айларының аралығында 2,6 млн. оқушы, яғни жалпы оқушылардың 97,9 пайызы профилактикалық тексерістен өткен. Аурудың алғаш рет анықталуына байланысты диспансерлік есепке 306 мың оқушы тіркелген.
Қ.МАРАТҚЫЗЫ