Екі медиация кабинеті ашылды
Жанкелдин ауданының әкімдігі мен «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының ғимараттарында медиация кабинеттері ашылды.Аудандық соттың бастамасымен жүзеге асырылған медиация кабинетінің ашылу салтанатына «Нұр Отан» партиясының Жанкелдин аудандық филиалы төрағасының орынбасары Р.Ахметжанов, Торғай селосының әкімі Ғ.Сүндетбаев және ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Бірмағамбетов қатысты.
Аудандық сот төрағасы С.Тажкеновтің мәлімдеуінше, ауданда жыл басынан бері 3 азаматтық, 3 әкімшілік және 1 қылмыстық іс Медиация заңының негізінде шешімін тауып, қысқартылған. Медиация кабинеттерін құрудың басты мақсаты – облыс орталығынан шалғай орналасқан ауыл тұрғындарының даулы мәселесін жергілікті жерде шешіп, сот және жол шығындарын үнемдеу арқылы халыққа қолдау көрсету. Осыған орай, соттар әкімдіктермен бірлесіп, әкімдік жанынан медиация кабинеттерін ашу жөнінде жұмыс жүргізуде.