Алда-білім гранттарын тағайындау конкурсы
Барлығымызды алаңдатқан Ұлттық бірыңғай тестілеу де өте шықты. Енді сол ҰБТ- да алған баллдарымызға орай білім гранттарын тағайындаудың конкурсы өтетіні белгілі. Бағы жанған талапкерлер мемлекет тарапынан бөлінген білім грантына ие болып, жоғары оқу орындарында тегін оқитын болады. Грантқа ілікпегендері, әрине, өкінішке орай ақылы негізде қаражатын төлеп, білім алары да сөзсіз.
Ал, білім беру грантын беруге арналған конкурсқа қатысу үшін өтініштер 23 – 31 шілде кезеңінде қабылданады. Конкурсқа қатысу үшін 50, ал «Жалпы медицина» мамандығы бойынша 55 балл жинау қажет, оның ішінде бейіндік пән бойынша кемінде 7 балл (әрбір шығармашылық емтихан бойынша – 10), ал қалған пәндерден – кемінде 4 балл. Шектік өту балын немесе бейіндік пәннен (7 балл) немесе қалған пәндерден (4 балл) ең төменгі балды жинай алмаған талапкерлер ЖОО-ларға мемлекеттік тапсырыс бойынша да, ақылы негіз бойынша да қабылдана алмайды.
Білім грантын тағайындау конкурсына қатысуға өтініш беру кезінде таңдау бойынша пәні сәйкес келген жағдайда төрт мамандық (шығармашылық мамандықтардан басқасы) пен төрт ЖОО-ны көрсетуге мүмкіндік беріледі. Міне, осы арада талапкер өзіне берілген мүмкіндіктерді жібермей, төрт ЖОО-ны, төрт мамандықты дұрыс таңдай білсе, білім грантын ұтып алуы да ықтимал.
Және де айта кеткеніміз жөн, білім беру гранттарын алуға конкурс өткізу кезінде «Алтын белгі» белгімен марапатталғандардың, білім беру саласындағы уәкілетті орган тізбесін айқындайтын жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған), орындаушылардың республикалық және халықаралық конкурстары мен спорттық жарыстардың (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған) соңғы үш жылдағы жеңімпаздарының, сондай-ақ өздері таңдаған мамандықтары олимпиадалардың, конкурстың немесе спорттық жарыстың пәніне сәйкес келген жағдайда, ағымдағы жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған) жеңімпаздарының басым құқығы бар.
Білім беру гранттарын тағайындау конкурсы кезінде баллдардың көрсеткіштері бірдей болған жағдайда жетім мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, медициналық-әлеуметтік сараптаманың қорытындысына сәйкес тиісті білім беру ұйымдарында оқуға болатын жағдайда І және ІІ топтағы мүгедектердің, жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша соғысқа қатысушылар мен соғыс мүгедектеріне теңестірілген адамдардың, бала кезінен мүгедектердің, мүгедек балалардың және үздік білімі туралы құжаттары (аттестаттары, куәліктері, дипломдары) бар адамдардың басым құқығы бар. Сол секілді баллдардың көрсеткіштері бірдей болған жағдайда және басым құқығы болмаған кезде білім беру гранттары аттестаттың, куәліктің немесе дипломның жоғары орта баллдары бар тұлғаларға беріледі.
Гүлназым Сағитова
Суретті түсірген Айбек Жүзбай